Елдегі төтенше жағдайға байланысты Өскемен қаласының тұрғындары қоғамдық көліктерге дезинфекция жүргізілмейтіндігіне шағымдануда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Қала ішінде қатынайтын автобустарға неге дезинфекция жүргізілмейді? Мен өзім күнделікті автобуспен жүретіндіктен жиі байқаймын. Автобус іші лас. Ешқандай тазалық шаралары жүргізілмейді, – дейді қала тұрғыны.
Бірақ жауапты мекеме мамандары тазалық шараларын уақтылы жүргізіп жатқандарын айтып, тұрғындардың бұл уәжіне келіспейтіндіктерін жеткізді.
– Бізде қала ішіндегі барлық автобустарға тазалық жұмыстарын уақтылы жасап отырамыз. Әр автобус соңғы аялдамаға жеткенде көліктің іші толықтай дезинфекцияланады. Бір маршрут соңғы тұраққа жету үшін кем дегенде 12 шақырым жол жүреді. Қаншама жолаушы кіріп-шығады. Ал автобус жүріп келе жатқанда тазалық жұмыстарын жүргізу ыңғайсыз, – дейді Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Анар Әбілқасымова.