Әлем картасынан көзге оттай басылатын, Еуропа мен Азияның қақ ортасына қоныс тіреген киелі қазақ жерін сіз бен бізге ата-бабаларымыз аманат етіп қалдырған. Тіс қайраған дұшпандарының қаққанда қанын, сыққанда сөлін алған, тас шайнап, құм түкірген ержүрек батырларымыз ел дегенде селт етпей жанын қиярға әркез даяр еді. Гитлер бастаған фашистердің жойқын шабуылына да қарсы аттанған асыл ерлеріміз қаншама… Сол сұрапыл майданда елім, жерім, Отаным деп шайқасқан Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Әлия мен Мәншүк сынды өшпес ерлік жасаған ата-апаларымыз өз ерліктерін тарих беттеріне алтын әріптермен қалдырған. Осы ретте, «Бұл Батыр бабаларымыздың есімдері қаншалықты ұлықталып жатыр?» деген сұрақ сананы торлайды. Әрине, осы сұраққа жауап ретінде аты аңызға айналған тау тұлғаларға арнап еліміздің бірқатар қалаларынан көше аттарының берілгендігін айта кеткен жөн. Дәл осы сияқты Өскемендегі Күленов кентіндегі тау бөктерінде орналасқан көшелердің бірі Кеңес Одағының Батыры, қазақтан шыққан тұңғыш дивизия командирі, полковник Бауыржан Момышұлының атымен аталған, алайда сол көшенің бар екендігін облыс түгіл, қала тұрғындарының біреуі – білсе, біреуі – білмес…
Қала шетінде орналасқан
Газет редакиясына хабарласқан оқырмандарымыз облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлының атына берілген көшенің қала шетінде орналасқанына өз наразылықтарын білдірді. «Батыр бабамызға қала орталығынан бір көше бұйырмады ма сонда?» деп мұңдарын шаққан тұрғындардың наразылығы осы жайтты өз көзімізбен көруге итермеледі.
Сөйтіп, Күленов кентіндегі Бауыржан Момышұлы көшесіне жолымыз түсті. Арасы бірер минуттық шолудың ішінде-ақ тұрғындар шағымының орынды екендігіне көзіміз әбден жетті. Қысқа көше кенттің ең шетінде орналасқан екен. Жан-жағымызға зер салып қарағанда жолы қырық тесік, айналасы қоқысқа толы көшенің келеңсіз көрінісін көріп, өз таңданысымызды жасыра алмадық.
Қолымыздағы фотоаппаратты көздері шалған жергілікті тұрғындар тілші екенімізді білгеннен кейін, қасымызға таяп, тұрып жатқан көшелерінің жағдайына қатысты өз шағымдарын бүгіп қалмады.
– Бауыржан Момышұлы таныстыруды қажет етпейтін тұлға, – деп Нұрақыл Балтабеков (аты-жөні өзгертілген) өз сөзін бастады. – Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымыз осындай батырларымыздың арқасы. Ал сол тұғыры биік қаһарманымыздың атына берілген бұл көшенің жағдайы мынау! Неге Бауыржан Момышұлының есіміне қаланың сонау бір шетіндегі, күтусіз қалған көшеге берілген?! Қаладағы орталық көшелердің біріне Бауыржан бабамыздың аты берілсе, тақиямызға тар келер ме еді? Ал егер береді екен, ондай жағдайда Батырдың аруағын қорламай, көшені талапқа сай күтіп ұстай да білу керек қой. Мысалы, белгілі тұлғалардың есімдері берілген орталық көшелерге сол адамның тасмүсіні орнатылып, салтанатты ашылу рәсімі өткізіледі. Ұлтымыздың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлының есімін ұлықтау мақсатында да игілікті шаралар ұйымдастырылса оның несі айып?
«Мүшкіл күйде»
Осы кезде, қасымыздан өтіп бара жатқан әйел адам бір сәтке бөгеліп, әңгімемізге қатысты өз ойын білдіруді жөн көрді. Оның айтуынша, көшеде бір де бір жарық шамы жоқ. Оның үстіне қыс кезінде бұл көшенің қары күрелмейтіндіктен ата-аналар балаларын мектепке жібере алмай сергелдеңге түседі.
– Осы көшеде тұрып жатқанымызға 3 жылдың жүзі болды, – дейді Күлпәш Айдарханова (аты-жөні өзгертілген). – Әсіресе балалар кешкілік уақытта мектептен қайтқанда бойларын қорқыныш билейді. Әкімдіктегілер шетқақпай қалған біздің көшеге тіпті де көңіл бөлмей отыр. Олай дейтінім, жарық желісін өз қаражатымызға тартқызып, құдықты да өз күшімізбен қаздырдық. Қыста тұрғындар бірігіп ақша жинап, жол тазалау үшін арнайы техника жалдаймыз.
****
Халқының жарқын болашағы үшін аянбай күрескен хас Батырымыз Бауыржан Момышұлының аты берілген көшенің орналасқан жері мен мұшкіл жағдайы көңілге еріксіз қаяу түсіреді. Осы ретте қала тұрғындарының шақшадай басын шарадай қылған мұңдарына жергілікті билік өкілдері құлақ түріп, тиісті шараларды атқарса құба құп болар еді…
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ