1 мамыр – Бірлік күніне орай, Өскемен қаласының ұйыған ұжымдары – ірі кәсіпорындардан бастап, іргелі оқу орындары мен колледждерге дейін шаһар көшелерімен жүріп өтті. Мыңдаған өскемендіктер Республика алаңында бас қосып, әр түрлі ұлт өкілдерінің өнерін, қолөнер жәрмеңкесін тамашалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскеменде күн бүгін күреңітіп тұр. Әйткенмен, Бірлік күнінде Республика алаңында жиналған қалалықтардың қарасы мол. Салтанатты шеруді «Нұр Отан» партиясының мүшелері бастап, «КазЦинк», «ҮМЗ» сынды іргелі кәсіпорындардың ұжымы қостады.
Олардың соңын ала су жаңа көлікпен көш бастаған «Азия авто» АҚ-ның қызметкерлері көк туды көкте желбіретіп, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Салтанатты шеруден кейін ортаға шыққан облыс әкімі Даниал Ахметов көпшілікті Бірлік күнімен құттықтап, ынтымақтың арқасында ырысты елге айналғанымызды ерекше атап өтті.
– Біз бәріміз бірлесе отырып мықты мемлекет құрып жатырмыз. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің жеріміздегі бейбітшілікті сақтауға үлкен көңіл бөліп келеді. Соның арқасында бүгінде біз көптеген елдер үшін келісім мен ауызбіршіліктің жарқын үлгісіне айналдық. Мереке күні барлық шығысқазақстандықтарға мықты денсаулық, бақыт және береке-бірлік тілейміз. Әрбір үйде бейбіт өмір мен ырыс-ынтымақ салтанат құрсын! – деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін Республика алаңында мерекелік концерт басталды. Қаланың үздік ансамбльдері мен шығармашылық ұжымдары өнерін паш етіп, қала тұрғындары бұл күнде театрландырылған композициялар мен спорттық ойындарды, қолөнер жәрмеңкесін тамашалады
Сағат 12:00-де салтанатты түрде Өскемендегі барлық саябақтар мен аттракциондар саябағы, Сол жағалаудағы музей-қорығы есігін айқара ашты.
Түстен кейін Республика алаңында «Автоэкзотика» шарасы ұйымдастырылып, кешкі сағат 21:00-де фонтандар іске қосылатын болады.
Аян Өрібаев