2018 жылдан бастап елімізде шілде айының алғашқы жекенбісінде дәстүрлі түрде Домбыра күні аталып өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
7 шілде күні Өскемендегі Жамбыл атындағы саябақта «Ұлттық домбыра күні» мерекелік концерті өтті. ШҚО Мәдениет басқармасы қолдауымен ұйымдастырылған шараға Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен «Alem sazy» вокалды аспаптық ансамблі және солисттері қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мерекелік шара өскелең ұрпақтың ата-бабадан мұра болып қалған ұлттық аспапқа деген қызығушылық сезімін оятып, тарихтың куәгеріне айналған қасиетті қара домбыраны қастерлеуге бағытталған.
Сондай-ақ концерттік бағдарламада Мәдениет саласының үздіктері Нұргүл Қабдоллаева, Айсұлу Есет, «Алтай» халық би ансамблі және «An.Sal.Dar» тобы өз өнерлерін көрсетті.
Мереке барысында танымал күйлер орындалып, әуезді әндер шырқалды. Филармония ұжымы шаһар жұртына «Көкбалақ», «Адай», «Ата толғауы», «Жаңа ғасыр», «Береке», «Әке толғауы» сынды шығармаларды тарту етті.
Қымбат МУХАМАДИЕВА