Облыстық Драма театрында Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» атты лирикалық драмасы сахналанып, қалалықтар премьераның куәсі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Театр ұжымы араға уақыт салып, тұрғындар мен меймандарды сенбінің кешінде мәдени ордаға жинады. Жасы да, кәрісі де қалмай, билеттерін бағдар етіп, бұйырған орындарына жайғасты. Тұсаукесерді тамашалауға келгендер қарасы мол. Сағат тілі 17:00-ді көрсеткенде Алматы қонақ үйлерінің біріндегі шиеленісті оқиға басталып кетті.
Басты кейіпкер Гүлбаршынның рөлін Гүлвира Абикенқызы сомдады. Бастапқыда барлығы бірқалыпты көрінді, достарымен бас қосу үшін қонақ үй нөмірлерінің біріне жайғасты. Әйткенмен ол ерлердің бөлмесі, нәзік жандылардікі сәл арырақ болып шықты. Аздан соң Нәдір Сұңғатолда сомдаған Абдолланы кезіктіріп, жағдайдың ақ-қарасы анықтала бастады. Бұл аралықта ішкілікке салынған Жиенбай есімді жігіт төбе көрсетіп, сюжеттің бір шеті өзімен байланысты екенін бірден аңғартты. Ал Абдолла келмей тұрып Гүлбаршын 16 жасында қосыла алмаған Алтай есімді жігітке қоңырау шалып, арада он жыл өткенде қайта байланыс орнатады. Кешкісін достардың бас-қосуы. Бірер сәттен кейін Алтай, олардың ізін ала Зухра, Мадина есімді құрбылары келді. Әр тағдырдың өз бұралаңы бар. Болмысынан бұзақы Жиенбай Гүлбаршынмен ажырасқан, қос құрбысы біршама қиналып барып, өмірден орындарын тапқан еді. Ал Абдолла болашағынан зор үміт күттіретін музыкант. Лирикалық драманың біршама эпизоды көрерменге жылы юмор арқылы ой салғаны сөзсіз. Себебі, отбасылы болса да, өмірден неше қайтара соққы алған Гүлбаршынға Алтайдың қырындауы, түрмеден босап шыққан Жиенбайдың қиғылық салуы – бәрі-бәрі жығылған нәзік жандыны одан әрі сынай түсті.
Пьесаның негізгі идеясы – сүйгеніне деген шынайы махаббат. Көрермендердің көбі «әйелдің қиын тағдыры шебер суреттеліпті» десті. Себебі, Гүлбаршын Абдоллаға қанша жерден ілтипат көрсетсе де, соңында қиқар мінезді Жиенбайға оралды. Спектакльдің қоюшы-режиссері Қайрат Мұқышевтің сөзінше, дайындыққа бір ай кетті. Көптің алдында барын салған актерлер өнеріне өз алғысын білдірді. Ал спектакльдің өзі республикалық сахналардан түспейтін белгілі шығарма.
– Жалпы, Сұлтанәлі Балғабаевтың қоғамдағы, тұрмыстағы қиындықтар жайлы көптеген пьесасы бар. «Тойдан қайтқан қазақтар», «Біз де ғашық болғанбыз» және тағы басқасы. Біз «Ең әдемі келіншек» деген шығарманы алдық. Өнерпаздар өздеріне бұйырған рөлдерін алып шықты. Ұсақ-түйек кемшіліктері байқалды. Алайда алғашқы премьера екенін ескерсек, алдағы уақытта түзеле жатар, – деді Үржар ауданының тумасы Қайрат Талғатбекұлы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттер Драма театрдың ресми парақшасынан)