Өскемендіктер Қазақстан тауы маңында тал екті

837
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Облыс аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының үшінші аптасы өтіп жатыр. «Жасыл аймақ» деп аталады. Көпшілік Қазақстан тауы аумағында тал егіп, әр саланың өкілдері біркісідей еңбектенді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Акцияға қатысушылардың сөзінше, осы жолғы шара бұған дейінгілермен салыстырғанда едәуір ауқымды. Тау етегіндегі тынымсыз тірлік шыңына дейін үзілмеді. Қолдарына күрек алып, иін тіресе тұра қалған жауырындар жер талғамады. Бірі еңіске түссе, енді бірі тауға шығар жолдың жиегінде тоқтаусыз жұмыс істеді. Көбі жастар. Оның ішінде: студенттер мен еріктілер бар. Шараны қолдауға зауыт жұмысшылары, әкімдік қызметкерлері, жоғары оқу орындары басшылығы мен оқытушылары, құтқарушылардан бастап, қарапайым еңбек адамдары атсалысты. Қалалықтардың басын қосқан акция кезінде палау әзірленіп, шөлдегендер шайдан ұрттады. Бірақ оған дейін талдың бірнеше түрі егілді. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, тазалық бар жерде мәдениет пен тәртіп қалыптасады.

– Ересектердің соңынан жастар еріп, сенбіліктерге жиі-жиі шығулары біртіндеп дәстүрге айналатын сияқты. Бұл жаққа қала қонақтары да көп ағылады. Төбеден көз тіккендегі тамаша көріністердің бірі. Әрине, осы тау түбінде Алматыдағы Көктөбе сияқты болса екен дейміз. Бірақ әзірге мүмкін болмай тұр. Неге десеңіздер, топырақ құрамы сәл бөлек. Бұл жерде ағаш өсіру қиындау. Өздеріңіз білесіздер, Шығыс Қазақстан республика көлемінде орман алқабы мол аймақ болып есептеледі. Елімізде соны зерттейтін бірнеше институт бар. Ғалымдардан тауға шығар жолдағы учаскеде қандай ағаштар өсіруге болатыны жөнінде сұрап, өзара кеңестік. Олар зерттеу жүргізіп, соның жөн-жосығын айтып берді, – деді Ермек Беделбайұлы.

Өңір әкімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген бастамасын қолдап, облыс жұрты «Таза Қазақстан» акциясының әр аптасында белсенділік танытуға тырысып жатқандарын айтты.

– Байқағандарыңыздай, әр аптадағы шараның мағыналы атауы бар. Мұндай қадамдар тек сенбі күндері ғана емес, жыл көлемінде үздіксіз жалғасуы тиіс. Жастарға тәрбие керек, ең алдымен. Иә, олар қабілетті. Бірақ, балабақшада тәрбие алып, мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер тазалықтың маңызын осы бастап ұғына бастаса игі. Кішкентайынан еңбекқор болып өскен буын кейін ата-анасын да құрметтейді. Жастармен бірге тал егіп, олардың жанталаса еңбектеніп жатқандарын көріп, қуанып отырмыз, – деді облыс басшысы.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің сөзінше, университет студенттері тау басында тал егіп жатыр. Аталған білім ошағының соңғы жылдары республика көлемінде үздік жоғары оқу орындары қатарына енгенін ескерсек, жастардың «биіктен» көрінгенін заңдылық па дедік. Таяу күндері дәл осындай сенбілік білім ордасы аумақтарын қамтитын көрінеді. Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенттері де аянып қалмады. Айтуларынша, Қазақстан тауы маңына сирек келеді. Бірақ осындай сенбіліктен соң, көпшіліктің ауызбіршілігінен соң жиі келуге ниетті. Еріктілер сапында жүріп, қоғамдық шараларға белсене қатысуда.

Ұйымдастырушылар сөзінше, бүгін егілген талдың көбі қайың мен шырша. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетовтың айтуынша, тротуар бойына егу үшін 500 тал әкелінді.

– Осындай шараның өтетіні туралы алдын ала ақпараттар жарияланды. Тұрғындардан бөлек, жастар мен еріктілер келді. Олар тек жаз айларында емес, күздің қара суығында да, қыстың аязында да көмектесіп тұрады. Қайың мен шыршадан бөлек, қарағаш егіп жатырмыз. Неге қарағаш көп деген сауал туындайтын шығар. Мамандар топырақ құнарлығы бойынша зерттеу жасапты. Соған сәйкес, ауа райы мен топырағы тез өсуіне ықпал болады деп қарағаштар көбірек таңдалған. Ал шыршалар төмендегі көлік тұрағы маңында егілді. Біріншіден ық әрі жел жоқ. Одан бөлек, суарғаны жеңіл, – деді бөлім басшысы.

Анығы сол, егілген талдар тамыр жайып, «еңсе тіктегенше» уақтылы суарылып тұрады. Бұған қосымша көмек ретінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдері тамшылатып суару бойынша жоба дайындап жатыр. Айталық, сол жерге су жиналатын цистерналар қойылып, біртіндеп суарылмақ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ