Облыс орталығындағы А.С. Пушкин атындағы кітапханада қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевтың туғанына 110 жыл толуына орай еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Кеш қонақтары ұшқыштың немере-інісі – Болатбек пен Нұрлыбек Малдыбаевтар келіп аталары жайлы тартымды әңгіме айтып берді. Сондай-ақ, ұшқыштың өмірін зерттеп жүрген жазушы Айтмұхамбет Қасымов пен Оңдасын Елубай жиналған жұртшылыққа тарихи деректерді келтіре отырып, сыр шертті.
Ағайынды Абдуллиндер атындағы Өнер колледжінің студенті Санат Амантай «Адай» күйімен ашып, Құрманғазының күйі «Терісқақпаймен» кештің көркін қыздырды.
Жиналған жұртшылық қала әкіміне Өскемен қаласының орталығынан Жақыпбек Малдыбаевқа лайық болатындай еңселі ескерткіш орнатылса деген хат жолдады. Хатқа жиындағы 80 адам қол қойды.