Облыс орталығының бірнеше ауданында тұрғындар бірыңғай түбіртектерін белгіленген уақыттан кеш алған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Бірыңғай түбіртекке қосылған салық төлемдерінің түбіртектерін қалалықтар шілде айынан бастап күтуде. Салықты 1 қазанға дейін төлеу қажет. Бұл керек құжатты көп күтіп қолға алған тұрғындардың жұмыстарын ысырып, ұзын-сонар кезекке тұру керек деген сөз.
Осыған дейін Мемлекеттік кірістер басқармасы жағдайды салықтөлеушілердің ақпарат базасы жаңартылуына байланысты 9 қыркүйектен бастап беріледі делінген. Алайда жер, мүлік, көлік салығына байланысты төлем түбіртектері тек 13 қыркүйекте жеткен. Ал кейбір қала аудандарында 17 қыркүйекте ғана берілсе, бірқатар адамдарға әлі тимеген.
– «Согра ЖЭО» ЖШС базаның жұмысына кедергі келтірді. Меморандум бойынша жеткізушілерден алтыншы қыркүйекке дейін алуымыз тиіс. Бірақ аталған мекеме базаны тек тоғызыншы қыркүйекте өткізді. Біз оны алып, басып шығарғанымызша уақыт өтіп, он бірінші қыркүйектен бастауға мәжбүр болдық, – дейді «Қазпошта» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Гүлнәр Мырзабаева.
Оның айтуынша, кедергі болған кадр мәселесі тағы бар. Бірнеше бөлімдерде сапасыз істеген жұмыстарына байланысты пошта қызметкерлері жұмыстан шығарылды. Қазіргі уақытта жаңа мамандар іздестірілуде.