Бүгін облыстық Драма театрында режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың «Дөкей келе жатыр» атты комедиясы сахналанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайьының тілшісі.
Қалалықтар мен шаһар меймандары сенбінің кешінде тағы да мәдениет ошағына ағылды. Себебі, көпшілік жүрегіне кезекті комедия жол тартты. Қазақ театры осыған дейін әр жанрда өз мүмкіндіктерін паш етті. Соның барлығында дерлік зал лық толып, келушілер режиссерден үнемі әлдебір тосынсый күтетін. Бұл жолы да солай. Айта кетейік, бұл тұсаукесер. Белгілі қаламгер Сафуан Шаймерденовтың шығармасы әркез шиеленісті. Осыны желкен етіп, Қазақ театрының актерлері бір ауылда болған қызықты оқиғаны көрермен назарына қаз-қалпы жеткізді. «Дөкей келе жатыр» деп дүрлігеді жұртшылық. Ауылдарда әсіресе махаббатқа қатысты кез келген оқиға әп-сәтте таралады. Оны әр адам өзінше қабылдап, келесісіне тұзын қосып, түрлендіріп жеткізеді. Ғашық адамның диалог орнатуда қалбалақтап, ой білдіру кезінде опық жеп қалатынын кезекті рет көрдік. Сахнадағы декорация тақырып барысынан сыр шертеді. Музыкалық көркемдеуші Мақсат Амралинов пен балетмейстер Карина Джиренбаеваның да еңбегін айта кеткен орынды. Осы театрда тер төгіп жүргеніне 10 жыл болған Гүлмира Абикенқызы әкімнің ерке қызын сомдап, жылы юморын дүркін-дүркін төкті. Айтуынша, бұл кеңес одағы кезінде жазылған спектакль.
– Автор ертеректе Петропавл маңындағы ауылдардың бірін суреттеп жазған. Бірақ біз мұны қазіргі заманмен үйлестіріп, қызықты болсын деген ниетпен ән мен би қостық. Көрерменге ұнайды деген сенімдеміз. Бұл спектакльде сырт жақтан бір адам келсе, жергілікті жұрттың бірден өзгеріп шығатынын көрсету негізге алынды. Былайша айтсақ, мазмұны шындықты әзілмен жеткізу, – деді актриса.
Көрермен ойы да осымен үндес. Қыран-топан күлкіге қалып, актерлердің сәтті таңдалғанын жеткізді. Бұл ретте тағы бір өнерпаздың ойын біліп көрдік. Қазақ театрының актері Еділ Маратұлының айтуынша, қойылым сәтті шығуы үшін Алматыдан арнайы режиссер шақырылып, тыңғылықты әзірлік жүргізілді.
– «Дөкей келе жатыр» спектаклі бір бағытты қамтыса да, бүккен ойы тереңде жатыр. Менің образым ауылдың аңғал жігіті. Соны ойдағыдай алып шығуға тырысамын. Келген адамның көңіл-күйі көтеріліп, күліп қайтса, біз үшін қуаныш, – деді ол.
Театр ұжымы көктем қарсаңында дәл осы шығарманың бекер таңдалмағанын алға тартты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттер Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ