Өскеменге Күршімнен жәрмеңке келді

818
көрілім

Күршімнің 12 ауылдық округінен келген ауыл шаруашылық өнімдері бұл жолы да жоғары сұраныспен сатылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қарбалас тірлікке қарамастан қалалықтар таң атпай «Freshmarket» фермерлік гастрономының алаңынан табылды. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанған Сәйпішұлының айтуынша, жәрменкеге 3000 кг сиыр еті, 2600 кг қой, және 1600 кг жылқы еті әкелінген. Бұған қоса Құйғаннан балық пен Маралдыдан бал өнімдері жеткізілген.
- Бүгінгі жәрменкеге қала маңынан келдім. Керегіміздің бәрін аламыз. Сенбі сайын жәрменкеге жиі келуге тырысамын. Міне, бүгін де арзан бағада 5 кг ет, картоп, балық алып қайтып барам. Ауылдың таза, табиғи өнімдеріне жетері жоқ қой, - деді зейнеткер Сайлаубек Сәдуақасұлы.


 Күршімдік кәсіпкерлер ұсынған азық-түліктер  нарықтағы бағаға қарағанда 10-15%-ға төмен.
- Алдағы уақытта қолжетімді бағаны сақтап қалу үшін Күршімде екі әлеуметтік дүкен ашылмақ. Маусым айының 10-нан кейін «Чупенов» шаруа қожалығының көкөніс өнімдері облысқа жеткізіліп, қолжетімді бағада саудаланбақ, - деді Қуанған Қарағызов.


Бақытгүл есімді қалғұтылық іскер әйел жәрменке алаңына таңғы сағат 5:00-ден жиналғандарын айтты. Қазір жаз мезгілі болғандықтан күннің ыстығында етті сақтау қиынға соғатын көрінеді. Сондықтан азық-түліктерді мұздатқышта сақтап, таңсәріден қалаға жол тартатындарын жеткізді.
 - Бүгінгі жәрменкеге ірі қара, бес бас тоқты әкеліп, арзандатылған бағада өткізіп жатырмыз. Одан бөлек, сауда сөрелерінде құрт, май, сүт пен ірімшік өнімдері, көкеніс пен жеміс түрлері де қойылған. Халықтың қарасы көп. Сауда қызып жатыр, - деді Қалғұты ауылдық округінің әкімі Елжан Бөкенбайұлы.