ЭКСПО-2017 көрмесін қолдау мақсатында мың шақырымнан астам жолды жаяу бағындыруды көздеген жігерлі жігіт Екібастұз қаласына таяп қалды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– Екібастұзға 25 шақырымдай қалды. Жол шағыл тасты екен. Ғалымжанға осы жағы жайсыз болып келеді. Павлодарға келген кезде Ғалымның жанкүйерлері табылып, мейрамханада күтіп алып, қонақ қылды. Павлодар радиосы сұхбат алды, – дейді Ғалымжанның зайыбы Еркегүл Мұқият.
Ғалымжан жылдамдығын арттырып келеді екен. ЭКСПО-2017 көрмесіне таяу Астанаға жақындап, жолды өндіріп алуды көздеген. Осы қалыпта жүгіре берсе жоспардан бұрын барып қалуы да мүмкін.
Бір қызығы, Ғалымжан бұрын осындай алыс қашықтықта жүгіріп көрмепті. Бұрын гір көтеру спортымен айналысқан. ХҚКО инспекторы болып жұмысқа орналасқаннан кейін спорттан тіпті алшақтап кеткен. Десе де, ЭКСПО-2017 көрмесінің насихатталуына үлес қосу үшін осындай батыл қадамға барған екен. Жолға шықпас бұрын Меккеге дейін жүгіріп барған, Сахара шөлін жүгіріп өткен Марат Жыланбаевқа хабарласып, әйгілі желаяқтан ақыл-кеңес алыпты.
– Әр тоқтаған сайын тамағын әзірлеп, денсаулығына маңыз беріп келеміз. Кеше Павлодардан туыстарымыз көлікпен келіп, озып кетіп, алдыда тамақ әзірлеп күтіп отыр. Бұл да бізге көп көмек болды. Астанадағы жанкүйерлері, спорт басқармасынан және БАҚ өкілдері хабарласып жатыр. Олардың күн сайын хабарласып, күтіп отырғаны Ғалымды рухтандыра түседі, – дейді Еркегүл Мұқият.
Естеріңізге сала кетсек, өскемендік Ғалымжан Тоқтар 26 мамыр күні Астана қаласына жаяу жолға шыққан болатын. Ғалымжан Тоқтардың бұл сапарындағы басты мақсат – ЭКСПО-2017 көрмесін қолдап, көрмені насихаттау. Оның артында жұбайы көлікпен ілесіп, барлық жол барысын бейнерегистраторға жазып келеді. Ғалымжан Тоқтар 16 маусымда Елордаға жетуді көздейді.