Облыс орталығындағы бірқатар аулалар жергілікті билік уәде еткендей уақытында абаттандырылды. Енді олардың үлгісінде Өскемендегі өзге де аулалар қалпына келтіріліп, жаппай жаңартылады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімі Даниал Ахметов аулаларында абаттандыру жұмысы бірінші басталған Питер Коммунарлар көшесіндегі үйлердің тұрғындарымен кездескен еді. Жобаға 50 миллионнан аса теңге жұмсалып, аз уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгінде балалардың сүйікті демалыс орнына айналған жерде жаңа ойын және спорт алаңқайлары тұр. Жүру жолағы мен көлік тұрағы кеңейтіліп, жарық тартылды. Аймақ басшысы атқарылған жұмысқа жоғары бағасын беріп, өскемендіктерден аулаларды осы қалпында сақтауды сұрады.
– Үш жыл ішінде біз Өскеменнің тұрғын үйлеріне қарасты 311 ауласын қалпына келтіреміз. Ал абаттындыру жұмысы алғаш жүргізілген аулалар өзгелер үшін үлгі болады, себебі олар пилоттық жоба. Барынша барлық аулаларды қамтуға тырысамыз, — деді Даниал Ахметов қала тұрғындарына.
Аймақ басшысы сондай-ақ, «Менің аулам» жобасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген Космическая көшесін аралады. Облыс әкімімен кездескен қалалықтар танымастай өзгерген көшенің келісті көркі үшін алғыстарын білдірді.