Өскеменнің №48 мектеп-қосымша білім беру орталығында Әлібек Қаңтарбаевпен кездесу өтті

503
көрілім

Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Құрметті профессоры, Катонқарағай ауданы мен Өскемен қаласының Құрметті азаматы Әлібек Қалиұлы Қаңтарбаев ағамыз жаңа білім ордасы №48 мектеп-қосымша білім беру орталығындағы оқушылармен жүздесті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыруды мақсат еткен Өскемен қаласы әкімдігінің «№48 мектеп-қосымша білім беру орталығы» Тәуелсіздігіміздің 28 жыл толуына орай мерекелік кездесу кешін өткізді.

Еліміздің алтын тәжді Шығыс өңірі таңғажайып табиғаты, қазына байлығымен ғана емес, ақын-жазушыларымен де мақтана алады. Атақты ақын бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан танымал талантты жерлес-ақындарымыз, Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының лауреаты, «Тіл жанашыры - 2009» төс белгісінің иегері. Әлібек Қалиұлы Қаңтарбаев ағамыз, «Білім және ғылым министрінің құрмет грамотасы» «Елбасының алғыс хаты», Өскемен қаласының құрметті азаматы, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20-25 жыл» мерейтойлық медальдарының, «Білімге қосқан үлесі үшін» медальдарының иегері, қалалық мәслихаттың депутаты, ардагер ұстаз Тлеукенов Оралхан Рақымжанұлы және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Білім беру ісінің үздігі», поэзия жанрының көрнекті өкілі, ақын, ұлағатты ұстаз Раисова Бақытжан Мұхтарханқызы «Тау тұлғамен сыр-сұхбат» атты кездесу кешінде қонақта болды.

Ақындарымыздың ғұмырлы поэзиясы бүгінде әнге айналып, көкке қалықтайды. Поэзия мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны, махаббат, сүйіспеншілік, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген жұп-жұмыр жауһар дүние. Табиғат алақаны аялап өсірген Катон-Қарағай өңірінің тумалары жүрегінде поэзия сазы ерте дүрсіл қаққаны сөзсіз. Туған жердің көркеюі мен келісті келбеті ақын ағаларымыздың көрікті жырларына арқау болды.

«Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» дегендей, ақындарымызға қалай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді. «Менің шыққан төбем де, тауым да – оқырманның көңілінен шыққан дүниелерім», - дейтін Әлібек Қалиұлының ақын ретіндегі, жазушы-публицист ретіндегі туындылары оқырманның көңілінен шығуда.

Мектебіміздің қонақтары қасиетті Тәуелсіздігіміздің қалай, қандай жолмен келгенін айтып, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі алғашқы қиындықтар туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, Әлібек Қалиұлы, Бақытжан Мұхтарханқызы Тәуелсіздікке арнаған жүрекжарды өлеңін оқушыларға оқып берді.