– Мен Өскемен қаласындағы ескі Ахмер ауылының тұрғынымын. Біз жаққа қатынайтын №54 автобустың «Металлургтердің бақша бірлестігі-5» (садовое товарищество металлургов-5) аялдамасына дейінгі ескі Ахмер ауылының бойындағы аялдамаларға кей-кездері 2 сағатта бір рет қана келеді. Әсіресе аязды күндері қарасын көрсетпей тым ұзақ күттіретіні бізге қиын болып тұр. 40 минутта бір келетін автобустың осылайша жолаушыларды әуреге салып қоюы қалай? Біздер, жергілікті тұрғындар №255 бағыттағы микроавтобустың осы аялдамаларға тоқтауын сұраймыз.
Өскемен қаласынан тұрақты оқырман
Сіздің сауалыңызға Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Азамат Нығматов жауап берді:
– №54 бағыттағы автобус – саяжайлық автобус болып саналады. Жаз мезгілінде аталмыш бағытта интервалы 30-33 минутты құрайтын 3 автобус қатынайды. Қыс кезінде, яғни 15 қараша – 15 сәуір аралығында осы жолмен 8 рейс жасайтын 1 автобус қана қатынайды. Жолаушылардың аздығы салдарынан автобус санын көбейте алмаймыз. Ал №255 микроавтобус аралығы 20 минутты құрайтын 4 микроавтобустан тұрады. Оның тоқтайтын аялдамаларына ескі Ахмер аялдамасы да кіреді.