Өскемен қаласына әкім болып келгелі алғашқы баспасөз мәслихатын өткізген Қуат Тұмабаев бүкіл БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Жалпақ жұрттың мәселесіне қанық тілшілер қауымының қала басшылығына сұрақтары қордаланып қалған екен. Әсіресе, қала шетінде бой көтерген үйлердің жайы, жарық пен су тарту мәселесінің өткірлігі өскемендіктердің біразына жар бермей тұрғаны рас.
Өскеменнің іргесінде ғана тұрған 20-шағын ауданның тұрғындары осымен бірнеше жыл қатарынан жарық пен сусыз баспанадағы тірліктің қияметін көріп келеді. Жер телімдері бөлінгенімен, ол жаққа коммуникация тартылмаған. Бүгінгі жиында осы ауданда баспаналарын салуын салып алып, Өскеменнің іргесінде «өркениетсіз» отырған жұрттың мәселесі көтерілді.
– Өкінішке қарай, ол аумақта жер телімдері жер кодексіне өзгеріс енгізілмей тұрып беріліп кеткен. Бүгінгі күні Өскемен қаласындағы 20-шағын ауданды электрмен, сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық сметалық құжаттамаларды әзірлеуге конкурс жариялу үшін қалалық бюджеттен қаражат бөлінгелі отыр. Біз биылғы жылдың шілде айында тиісті қаржы бөлініп, жұмыс басталады деген үмітіміз бар. Өкінішке қарай, 20-шағын аудан «Нұрлы жер» бағдарламасына енбейді, – дейді Қуат Тұмабаев.
Шаһар басшысының сөзіне сенсек, аталған шағын ауданға биыл электр желілерін тарту жұмыстары басталады. Сәтін салса, келесі жылы ол жақтағы жұрттың ауызсу мәселесі де шешімін таппақ.
Жалғыз 20-шағын аудан емес, Өскеменнің өзге аудандарында да өткір мәселелер аз емес. Қала әкімі мәселенің бәрі бірлікте ретке келетінін тілге тиек етіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы да сөз қозғады.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы 2016 жылдың 31 желтоқсанында қабылданған. Қазіргі уақытта коммуникация жүргізбей үй құрылысын бастау үшін жер телімдері бөлінбейді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жер телімдерін бөлуді 28-шағын ауданнан бастауды жоспарлап отырмыз, – деді қала басшысы.