Өскемен қаласының іргесіндегі Ахмер ауылының атауы қайдан шыққандығы жөнінде нақты дерек жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұл ауылда әскери бригада құрылып, «Ахмирово» аталып кеткен ауылдың маңайындағы аумақ әскерилерге саяжай ретінде беріле бастаған. Ауыл тарихын қазбалай келе Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылынан көшіп келген Ерғалиев Қанапиямен жүздестік. Алпысты алқымдаған Қанапия ағамыз ауылдың неліктен Ахмер атанғаны жөнінде былайша сыр шертеді…
– Осы ауылға көшіп келгенімізге сегіз жыл болды. Өзім өткеннің сыр-жұмбақтарын ақтарып, білмейтінімді білуге құмар болғандықтан Ахмер атауы қайдан шыққаны мені де жиі мазалайтын. Айналаны байқасаңыз: Меновное, Герасимовка, Новоявленка, Защита, Промбаза деген атаулардың барлығы түгел орыс тілінде болып келеді. Ал мына ауылдың атауы ерекше – Ахмер.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ескі Ахмерде жасы тоқсанға келген Қапан деген қария тұрған. Бір білсе сол кісі біледі деп ойладым да, үйіне іздеп бардым. Барсам ақсақалды кәрілік жеңген екен: құлағы естімейді, көзі көрмейді. Тіл табысу өте қиын болып отырғанда оның бәйбішесі «қарағым, нені білгің келеді?» деп әңгімемізге араласты. Мен Ахмер ауылының атауы қайдан шыққанын сұрадым. Апамыз маған әпкесінен естіген әңгіме сырын ағытты. «Осы ауылды қорғап қалған Ахмер деген молда болыпты» деп әңгімесін бастап еді Қапан ақсақалдың бәйбішесі. – «Ертіс өзенінің бойындағы құнарлы жерлердің барлығын орыстың көпестері иемденіп, қазақтарды жазық далаға ығыстырып жатқан кезде Ахмер деген молда қайткен күнде қазақты арашалап қалудың амалын ойластырыпты. Ол білімді адамдармен ақылдаса келе ауылда сауда дүкені, мешіт, не болмаса медресе болу керек деп шешіпті. Сол шешімге нық бекіп, Ахмер молда үш күннің ішінде халықты ұйымдастырып, ағаштан мешіт тұрғызады. Айналаның бәрі тал-терек болғандықтан, ағаш тауып құрылысты жүргізу қиынға соқпаған. Ұйымдасқан жұрт үш күннің ішінде мешіттің азан шақыратын мұнарасына дейін көтереді. Содан әлгілер мешіті бар ауылға тиіспей айналып өтіп, қазақтар ата қонысынан көшпей аман қалады. Ал Ахмер молданың қашан өлгені туралы дерек жоқ», – деп сөзін аяқтаған еді апа.
Қапан қарияның зайыбы мынадай тағы бір деректі алға тартады. Молданың көзі кеткеннен кейін мешіт сол адамның атымен «Ахмер мешіті» деп аталып кетеді. Содан біраз жылдың ішінде Кеңес өкіметі толық орнығып, большевиктер мешітті үкімет үйі етіп алмақ болған. Осы ойымен ауылдағы Абзал деген есерсоқтау жігітті үгіттеп, «азан шақыратын мұнарасын бұз» деп тапсырма берген. Жалған ұранның буына мастанған ақылсыз Абзал мешіттің төбесіне шығып, мұнарасын тас-талқан етіп бұзып, қасиетті орынды кеңсеге айналдырыпты. Мешітті қиратып, елдің қарғысына іліккен Абзал екі аяқтан мүгедек болып, жылға жетпей көз жұмады. Содан кейінгі жылдары ескі мешіт ферманың кеңсесі болған. Қазіргі уақытта Ескі Ахмердің ортасында аялдама бар. Соның Семейге шыға беріс күнбатыс жағында қызыл кірпіштен қаланған медпункт тұр. Сол нысан – бұрынғы мешіт болған екен.
Ахмер молданың руы – қожа болыпты. Қожалардың арғы тегі – ирандықтар. Қожалар ертеде қазақтың жеріне ислам дінін тарату үшін келген екен. Өздері екіге бөлінеді. Үйленген азаматтың әйелі қожа болса – ұрпағын «таза қанды қожа» дейді. Үйленгендердің бірі қожа болмаған жағдайда олар «араласқан қожа» атанады. Қожалар бір-бірінен қыз алуды жөн деп біледі.
Жыл өткен сайын кеңейіп, халқының саны күн санап өсіп келе жатқан Ахмер ауылының осылай аталуының біз білетін сыры міне, осындай!
Қанапия Ерғалиевтің айтуы бойынша жазып алған Аян Өрібаев