Бүгін облыс орталығының Михаэлис көшесінің маңындағы гүлзардан бес бірдей полиэтиленді пакет табылған. Орынсыз лақтырылған пакетке күдіктенген сол маңның тұрғындары бірден полицияға хабар берген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Оқиға орнына жеткен құқық қорғаушылар гүлзардың маңайындағы дүкендер мен көше бойында жүрген адамдарды қауіпсіз жерге көшірген. Тіпті Михаэлис көшесінде көлік қозғалысы шектеліп, алдын ала қауіпсіздік шаралары қолға алынған.
– Гүлзардың маңындағы дүкендердің ішіндегі сатушылар да қауіпсіз жерге көшірілді. Саперлар күдікті полиэтиденді пакеттерді тексере келе олардың ішінде тұрмыстық қоқыстардың жатқанын анықтады. Қорқатындай негіз жоқ, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Торғаев.
Сол аудандағы тұрғындар бұлайша құқық қорғаушыларды шақырып, тектен-текке сақтанып отырған жоқ. Күні кеше ғана Михаэлис көшесіне жақын Космический №5 үйдің маңындағы қоқыс жәшігінен белгісіз әйелдің мүрдесі табылған болатын. Қайтыс болған әйелдің денесінен зорлық белгілері анықталып, көп кешікпей тәртіп сақшылары 64 жастағы күдіктіні қолға түсірген еді.