«Жұмысты орта жолдан тастап, атбасын кері бұрған қай мердігер ұйым?» деп сауал тастаған оқырмандар аз болмады. Бірі – Катонқарағай, екіншісі – Алтай ауданынан қоңырау шалып, алаң білдірді. Әлбетте, орынды. Айдың-күні аманда қауырт тірлікті аяқсыз қалдырып, жоспарды орындамады. Мәселе, «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» республикалық маңызы бар жол хақында. Мәселенің мән-жайына үңілу үшін жауапты тұлғаларға сұраухат жолдаған едік.
«Гәп бар екенін аңғартқандай»
Айтпағымыз, республикалық маңызы бар жолдың белгілі бір учаскесі жайлы. Көпшілік оны Осинов асуы дейді. Иірім жолға түскенде жүргізушілерді, я жолаушы үшін белгілі бір уақыт қауіп бұлты торлап, бүкіл бойын үрей билеп кетеді. Бұдан өткен соң тозығы жеткен жолмен жүріп, тағы бір мәрте төзімділікті ту етуге мәжбүр. Осы ретте төтелей жол салынып, қарқынды жұмыс қолға алынып кеткен еді.
– Қанша уақыттан бері жол салып жатқандығы беймәлім, десе де аяқасты жұмысты тоқтатқандығы бір жерде гәп бар екенін аңғартқандай. Шенеуніктердің былығы мен жауапсыздығы ма, әлде мердігер ұйымға әлдене жақпады ма, әйтеуір жұмыс тоқтап тұр, – дейді Қамбар Жетпісбаев (аты-жөні өзгертілген).
Облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылардың сөзінше, Осинов асуының 56-72, 72-88 шақырымындағы қайта жаңарту жұмыстарының тоқтатылуына жаңа жол бағытының Мемлекеттік орман жері қорын басып өтетіні және аталған жерлерді көлік жүретін аумаққа ауыстыру рәсімдерінің ұзаққа созылуы себеп болған. Сонда оған дейінгі жоспарлау кезінде жолдың орманды басып өтетіндігі ескерілмеді ме? Дәл қазіргі қоғамда құрылыс, жөндеу жұмыстары кезінде көлденең тұрар келеңсіздіктерді ай бұрын, жыл бұрын екшеп, жан-жақты саралап алуға бар мүмкіндік қарастырылған ғой.
– Аталған жолды салуға жауапты болған «АБК-Автодор НС» ЖШС. Алайда өткен жылдың желтоқсан айында жер рәсімдеу жұмыстарының созылуына байланысты мердігермен екі тарапты келісіммен жасалған келісімшарт тоқтатылды, – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ ШҚО филиалының басшылығындағылар.
Құжаттама қайта реттелуде
Аталған жол бөлігінің құрылысы 2017 жылы басталыпты. Қоңырау шалған оқырмандар сөзінше, жұмыс былтыр тоқтаған. Сонда үш жылда өгізаяңға салды дегеннің өзінде жылына қанша шақырымнан жол салынды екен? Филиал мамандарының сөзінше, қазіргі уақытта құрылыс жобасының сметалық-жоба құжаттамасы қайта реттелуде. Қуаныштысы сол, 2021 жылы жұмыс қайта жалғасып, қалған жол бөлігін салудың нүктесі қойылмақ.
Кейбір оқырмандар сөз арасында осы жолды салған соң нақты қандай өзгеріс болатынын, несімен тиімді екендігі жайлы сауалдарын қойған еді. Филиал мамандары бұған да жауап ұсына кетуді жөн көріпті.
– Жоба бойынша 56-88 шақырымы аралығындағы 32 шақырым жолдың ұзындығы жоба бойынша 4,3 шақырымға қысқарады. Яғни қауіпті аумақтар алынып, учаскенің жалпы ұзындығы 27,7 шақырым болады. Қазіргі уақытқа дейін аталған жолдың 27,7 шақырымының 15,6 шақырымында асфальтбетонды жамылғы төселген, – деді фиилиал директорының міндетін атқарушы маман.