Полиция департаментінің мәліметінше, көлік апаты 2 қаңтарда таңғы сағат төрт шамасында Өскемен-Семей тасжолының 25 шақырымында болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- LADA-2170 көлігінің жүргізушісі Семей жақтан келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған дене жарақаты салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды, — деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметіндегілер. - Жол-көлік оқиғасына тап болған екі адам да полиция қызметкерлері. Олардың оқиға орнында бір уақытта болуының бір-бірімен еш байланысы жоқ, екеуі де үйлеріне қайтып бара жатқан.
– Алдын ала болжамға сәйкес жәбірленуші оған дейін басқа жол апатына ұшыраған – көлігі аударылып жатты. Қазір адамды қағып кеткен жүргізушіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Медициналық куәландыру оның ішімдік ішпегенін көрсетті, - деп толықтырды Департамент өкілдері.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігіне (абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы ережесін бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.