5 қарашада Глубокое және Алтай аудандарында пилоттық режимде сайлау өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы барысында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтетінін жариялаған. Шығыс Қазақстанда облыстық мәслихат депутаттары саяси науқан жүргізу үшін Глубокое және Алтай аудандарын белгілеген болатын.
Глубокое ауданында әкім болуға кандидат ретінде 3 адам, Алтай ауданында 2 адам тіркелген.
Қазір сайлау учаскелері жұмысқа дайын. Учаскелік және аумақтық комиссиялардың құрамы бекітіліп, жарияланды. Халықты кеңінен ақпараттандыру үшін сайлау комиссияларының мүшелері дауыс беру уақыты мен орнын көрсетілген шақыру қағаздарын таратты, теледидар мен радиодан бейнероликтер мен аудиороликтер жарияланды, әлеуметтік желілерге сайлаудың өтетіні туралы инфографикалар орналастырылды. Әрбір сайлау учаскесінде кандидаттар туралы ақпараттық плакаттар орнатылған.
Халықты сайлау учаскелері туралы ақпараттандыру үшін аудандардағы әкімдіктер жанында екі call-орталық жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар учаскеге тіркелудің дұрыстығын "Электрондық қызметтер орталығы" порталының "Өз сайлау учаскеңді тап" сервисі және "Digital East" мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.
Алдағы сайлау туралы тұрғындар СМС арқылы да құлақтандырылуда.
1 мыңнан астам сайлаушы тұратын 27 учаскеде азаматтардың тіркелу орны бойынша мәліметтерін тексеру үшін онлайн сервистер орнатылады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалада пилоттық режимде әкімдерді тікелей сайлау өтеді.