Отандық зауыт автомобиль тіркемелерін шығара бастады

473
көрілім
Фотосурет - inform.kz сайтынан
Өскемендегі «Азия Авто» зауыты жеңіл көліктерге арналған тіркемелердің алғашқы топтамасын шығарды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Тіркеменің сызбасын зауыттың өз инженерлері дайындаған. Бөлшектердің 55 пайызы осында жасалған. Яғни, шанағы мен дөңгелек біліктері, борт топсалары мен электр сымының бумалары сырттан әкелінбейді. Биыл 450 дана шығару жоспарлануда.

Тіркеме Еуразия экономикалық одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттіне сай жасалған.

- Жергілікті конструкторлар жаңа модельдерді жобалайтындай деңгейге жетіп отыр. Келешекте ауыр және орта салмаққа арналған тіркемелер өндірісін қолға алмақпыз. Моторлы шаңғы мен ауыл шаруашылығына арналған моторлы шағын техникалар құрастыру да ойда бар. Алғашқы топтама 19 өңірдегі бөлімшелерге жіберілді. Бағасын 260 мың теңге деп отырмыз - дейді «Азия Авто» АҚ президенті Ерік Сағымбаев. Ұзындығы 3 метр, ені 1,7 метр болатын бұл тіркемелер 570 келіге дейін жүк көтереді.