Өскеменде «Шығыс маманы» атты пилоттық режимдегі бағдарлама бойынша жиын өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара барысында мамандар жаңа бағдарламалар мен баспаналы болуға ниетті тұрғындар үшін түрлі мүмкіндіктер барын жеткізді. ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Самат Сүлейменовтың сөзінше, «Шығыс маманы» атты бағдарлама өңірімізден бөлек, республика көлемінде алғаш қолға алынып отыр.
- Айтылған жобаға қатысты биылға облыстық бюджеттен 300 млн тг бөлінді. Бұл бағдарламаның ерекшелігі сол, егер отбасында 1, 2, 3 топтағы мүгедек жандар болса, оларға 10 балдық жеңілдік беріледі. Жалпы тұрғындар үшін отбасы мүшелерінің әр қайсысына 5 балдық жеңілдік ұсынылады. Бағдарламаның басты талаптарының бірі сол, «Отбасы Банк» арқылы жүзеге асырылады және жұмысшылар үшін 5%-дық жылдық мөлшерлеме бойынша несие беріледі, - деді Сүлейменов.
Айта кетейік, бұл бағдарламада банк шоттары бұғатталып, қара тізімге енген тұрғындардың да үй алуға мүмкіндігі бар.
«Отбасы банк» АҚ ШҚО филиалы бизнесті дамыту бөлімінің бастығы Қаршыға Жақсылықовтың айтуынша, жоғарыда айтылған бағдарлама аясында несие мерзімі 19 жылға дейін беріледі. Бұдан бөлек, берілген 19 жылдың алғашқы 8 жылы 5 пайызбен берілсе ,уақыт өте келе 3,5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндігі бар. Мұнда тек көпқабатты үйден бөлек, салынған уақыты 60 жылдан аспаған жер үйлерді де алуға болады.
Нұрдәулет Қалибеков