– 2016 жылдың 1 наурызынан 31 желтоқсанына дейін аудандағы бір қоғамдық ұйымында жоба бойынша медбике қызметін атқарған едім. Биылғы жылдың қаңтар айында бір ай үзіліс жасап барып, 1 ақпаннан бастап қайтадан жұмысқа кірістім. Дегенмен 10 шілде күні келісім-шартты өз еркіммен бұзып жұмыстан шығып кеттім. Алайда, қолымда жұмыс берушімен жасалған еңбек келісім-шарты бола тұра жұмыстан босатылған кезде төленетін өтемақыны ала алмай жүрмін. Қоғамдық ұйымның облыс орталығындағы басшылығына қоңырау шалып мәселенің себебін сұрасам, ондағылар «Біз қоғамдық ұйымбыз, сен бізде жоба бойынша жұмыс істегенсің, сол себепті саған ешқандай өтемақы төленбейді» деген уәж айтады. Қолымда еңбек келісім-шарты бола-тұра басшылықтың осындай әрекетке баруы қаншалықты заңды? Өз мәселе бойынша әділеттілікке қол жеткізу үшін қай мекемеге, қандай тәртіпте жүгінуім қажет?
Аягөз ауданынан тұрақты оқырман
Сіздің сұрағыңызға Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары К. Әбілқайыров жауап берді:
– Аталмыш азаматшадан 2016-2017 жылдары басқармаға арыз-шағым келіп түскен жоқ. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 96-бабының 2-тармағына сәйкес, еңбек шарты тоқтатылған кезде (оның ішінде жұмыскердің бастамасы бойынша) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі. Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібі, өтемақының есептелуі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №908 «Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен айқындалады. Жұмыстан босау барысында төленуі тиіс өтемақы мәселесімен бетпе-бет келген азаматтар біздің басқармаға немесе тікелей азаматтық сотқа арыз-шағым түсіре алады.