Әдебиетті форумдар емес, жазу үстелі жасайды. Мұндай ойды елордада өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің І форумы барысында жазушы Қабдеш Жұмаділов айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
"Әдебиеті жасайтын форумдар емес, жазу үстелі. Дегенмен, басқосулар керек. Осындай форумдар арқылы жазған әдебиетіміз насихатталады. Басқа тілдерге аударуға мүмкіндік туады. Біз аудармада кенжелеп қалғанбыз", - деді жазушы.
Сонымен қатар, бүгінде екіжақты пікір айтылып жүрген Шыңғыс ханның шығу тегіне қатысты да пікірін айтты.
"Бүгінгі басқосуда көптеген пікір айтылды. Бізге ұлттық әдебиет керек пе, адамзаттық әдебиет керек пе? Мен осы туралы айтқым келеді. Біз осы күнге дейін Шыңғыс ханды моңғол деп келдік. Жаңа деректер мен аудармалар оның түркі екен растап берді. Шыңғыс ханның әйелі қоңырат, төрт ұлының алған келіндері қоңырат, найман, жалайыр, керей секілді түркі тайпаларынан. Нояндарының бәрі түркілерден. Осыдан сегіз ғасыр бұрын Бату хан 250 мың қолмен аттанды. Ол заманда түркілерден өзге ондай қалың қолды кім шығара алады? Онда моңғолдар шағын ғана тайпа еді. Біздің жиналуымыздың бір мақсаты, шындыққа жақындау. Мені тарихи романдар жазуға итермелеген де осы, ақиқатқа жақындау", - деді Қабдеш Жұмаділов.
Алайда, қазақ қаламгерінің бұл пікірі моңғолиялық мейманға аса ұнай қоймайды. Ол залда отырып бұл пікірмен келіспейтінін айтты.