Өткен жылы бруцеллез ауруы облысымыздың 13 аймағында тіркелді

445
көрілім

Өңіріміз үшін бруцеллез дерті қауіп төндірерлік жағдайда болмаса да, бүгінгі таңда ол ауылшаруашылығы саласының келелі мәселелерінің бірі екені рас. Өйткені бұл дертке өткен жылы облысымыздың 11 ауданы мен екі ірі қаласында біраз адам шалдыққан. Бұл жөнінде облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ғазез Сүлейменов хабарлады.

Департаменттің жүргізген талдауларына сүйенсек, өткен жылы облыстың Абай, Аягөз, Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар аудандары мен Өскемен және Семей қалаларында тұрғындардың аталмыш дертке шалдығу фактілері орын алған екен.

- Дертке шалдыққандардың 84,1 пайызы инфекция ошағы болып саналатын ауру малмен тікелей қатынасы бар ауыл тұрғындары болса, қалған 15,9 пайызы көшедегі сауда ошақтарынан тексеруден өтпеген ет және сүт өнімдерін сатып алған қала тұрғындары. Бруцеллезге шалдыққандардың 62,1 пайызы 20 мен 49 жас аралығындағы еңбекке жарамды тұрғындар, сондай-ақ ауырғандардың 68,3 пайызы ер адамдар, - дейді Ғазез Қинаятұлы.

Құзырлы мекеме басшысының айтуынша, мұндай дертке шалдыққандардың басым көпшілігі, яғни 79,2 пайызы өздеріне тиесілі жеке мал шаруашылығын жүргізушілер болса, қалғаны оларға жұмыс істейтін адамдар. Бүгінгі таңда ауру ошағы саналатын төрт түліктің ішінде қой мен ешкіден жұққан дерт 38,4 пайызды, ірі қарадан — 50,6 пайыз, басқа жануарлардан 3,7 пайызды құраған.

- Дертке шалдыққан адамдардың 7,3 пайызында ауру ошағының не болғанын анықтай алмадық. Жалпы, қауіпті дертке шалдыққан тұрғындардың 50 пайызы ауру малмен тікелей жұмыс істегендер. Осы себепті облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен Денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп 25 наурыз бен 25 сәуір аралығында бруцеллездің алдын алуға байланысты айлық өткізуді қолға алдық, - деп қосты департамент басшысы.

 

Аталмыш дерт жайлы не білген жөн?

1. Бруцеллез – емдеу жолдары өте ауыр инфекциялық дерт болып табылады. Ол адамның тірек-қозғалыс, жүйке, жүрек-қантамыр жүйелеріне әсер етіп, көп жағдайда мүгедектікке әкеп тіреуі мүмкін.

2. Ауру ошағы болып дертке шалдыққан мал саналады. Малдың бруцеллез ауруына шалдыққанын оның түсік тастауынан, ауру төл тууынан немесе бедеулігінен білуге болады.

3. Бұл дерт адамға ауру малды бағу кезінде, ет пен сүт өнімдерін қажетті санитарлық қауіпсіздік шараларын қолданбай қабылдаған кезде жұғады. Сол себепті ауру малмен жұмыс істегенде резина қолғап, етік пен арнайы алжапқыштар қолдану керек. Жұмыс аяқталған соң басқа киімдерден бөлек жуу қажет. Аула ішін малдың қиынан тазартып отырған дұрыс. Өйткені қидағы вирустар жарты жылға шейін сақталады. Көшеден ветеринарлық бақылаудан өтпеген ет, сүт өнімдерін сатып алмаған жөн.

4. Бруцеллезге шалдыққан адамның дене қызуы көтеріліп (бес күн және одан көп уақыт дене қызуы 37,5°С жоғары болады), әлсіздікті сезініп, тез шаршайды, басы ауырып, ұйқысы бұзылады, аузы құрғап, тер басады, буындары мен бұлшық еттері, белі ауырады. Мұндай симптомдар байқалысымен бірден дәрігер көмегіне жүгінген жөн. Уақытылы емделмеу адамның бедеулігіне, жүйке, тірек-қимыл және жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылуына әкеп соғып, соңында мүгедек болып қалуы да ғажап емес.

5. Мал шаруашылығымен айналысушылар төрт түліктің, әсіресе сүтті ірі қараның жиі ветеринарлық қадағалаудан өтуін назардан тыс қалдырмағаны жөн. Дерттің ауру малдан жұғатынын естен шығармаңыз. Мұндай малдың етін бөлшектеуде резина қолғап кию қажет. Сыртқы ортада дезинфекция жасалса, ет-сүт өнімдерін термиялық өңдеуден, яғни сүтті – қайнатып, етті бөлшектеп үш сағат пісіргеннен кейін ғана қолдану керек.

 

Айсұлтан АЗАМАТ

Фото: ашық дереккөз