Ойынға арбалған жасөспірімдер. Өскеменде тәртіп сақшылары түнгі рейдке шықты

294
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Полицейлер кешқұрым қызық іздеп, қыдыруға шыққан жасөспірімдер мен бозбалалар жиналатын ойын-сауық орындарын тексеріп шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ата-аналар мен ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдердің әлденеге ұрынып қалмауларын қадағалау мақсатында түрлі нысандарды аралайды. Анықталғандай, кәмелетке толмағандардың көбі компьютер ойындарына әуес келеді. Виртуалды әлемдегі атыс-шабыстың бел ортасында жүрген кейбірі тәртіп сақшыларының тексерісіне мойын бұрып та қарамады. Тек құжаттарын сұратқанда именіп, әп-сәтте қуыстанды. Ал «ADK» сауда орталығында түнгі сағат 22:30 шамасында жасөспірімдер қарасы аз. Құжатсыз жүрген бозбалалар мен бұрымдылар көзге ілікпеді.

– Өскемен қалалық полиция басқармасы «Amanat» партиясы өкілдері және белсенді жастармен бірлесе, ойын-сауық орындары мен тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендерде тексеріс жүргізіп тұрады. Осы шараның басты мақсаты – 18 жасқа толмағандардың түнгі сағат 22:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін жүруін болдырмау. Мұның барлығы ҚР Әкімшілік құқық бұзу Кодексінің 132-бабына сәйкес хаттама толтырумен түйінделеді. Оның санкциясы – айыппұл салуға әкеледі, – деді «Ертіс» полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Досым Бақытбекұлы.

Ішімдік және темекі өнімдері саудаланатын дүкендер де рейдтерден шет қалмайды. Осы уақыт аралығында 10-нан астам ойын-сауық орталығы мен осынша дүкенге тексеріс жүргізілген. Егер кәмелетке толмағандар түнгі сағат 22:00-ден кейін аталған орындарда көзге түссе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 442-бабы, 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік бап қарастырылған. Яғни, таяқтың ұшы ата-анасына тиеді. Егер заңды өкілдері қала сыртында болса, кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына жіберіледі. Жасөспірім екі не одан көп рет тәртіп бұзса, материал ювеналды сотқа жіберіледі.

«Ертіс» полиция бөлімінің аға лейтенант полициясы Толқын Дәулетханның сөзінше, осындай рейдтер күнделікті өткізіледі. Кәмелетке толмағандар көбінде компьютер клубтарынан бастап, көшелер мен «ADK» сауда үйінде жиналады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ