Өзге елдің азаматтығын алып, толағай табысқа жеткен 10 қазақстандық

3016
көрілім

«Жалғанда әр нәрсенің соңы ұдайы жақсылықпен аяқтала бермейтіндігі анық. Егер жамандық болмаса, жақсылықтың бар екенін ажырата алмас едік» деп осы заманның ойшылдары қорытқандай, жинақ мақала көршілес елдерде жүріп, көптің ықыласына бөленген азаматтар мен арулар. «Өзгенің шашбауын көтергенше, елінің абыройын арқаламай ма?..» деген пікірлер де туындауы кәдік. Дегенмен сөз етілгелі отырған жандардың әрбірі тарихи атажұртын ұмытпай, шаршы топ алдында «қазақ» екендерін жар салып айтудан жүрексінген емес. Дұрысы, Ресейдің, я болмаса Беларусь елінің қазақтары. Осылар арқылы көшпенді жұрт ұрпақтарының өжет те қайсар, білімпаз әрі өнерлі екендігін Азия мен Еуразия асып, күллі әлем елдері біліп жатыр. Ендеше газет тілшісі жинақтап көрген ортасынан озық шыққан қазақтарға тоқталып өтейік.


Аман Молдағазыұлы Төлеев (1944 жылы туған)

Аман Төлеев Түркімен КСР-іне қарасты Красноводск қаласында туған. Әкесі Молдағазы Төлеев – қазақ. Анасының (Мунира Файзовна) арғы тегі татар, башқұрт ұлттарымен байланысты. Әкесі екіншідүниежүзілік соғыс кезінде қаза тауып, кейін анасы Иннокентий Власовқа тұрмысқа шығады.

Саясаттағы мәнсабы сонау 1968 жылдан басталады. Сол уақытта кеңес одағы коммунистік партиясының мүшесі болды. Бір жағдайды әр тарапты ойлауы көп ұзамай басшылық қызметке жетеледі. Өзі жас күнінен теміржол саласында жұмыс істеуге құштарлық танытқан. Кемеров облысының губернаторы болып жүріп, Ресей Президенті болуға өзін ұсынды. Алайда ол жоспары орындалмады. Дегенмен 2018 жылы өзі басқарған облыста үлкен өрт шығып, 64 адамның ажалына әкелген қайғылы оқиғадан соң өз еркімен отсавкаға кетті.

Серік Ғазизұлы Сұлтанғабиев (1972 жылы туған)

Ресейліктерге есімі мәлім әскери азаматтың көзсіз ерлігі мен асқан жүректілігі Президент Путиннің назарынан тыс қалмады. Серік Сұлтанғабиев Қостанай облысындағы Введенка ауылында көпбалалы қазақ отбасында өмірге келген. Әкесі Ғазиз Сұлтанғабиұлы бақташы, анасы сауыншы болып жұмыс істеді. Мектепті тәмамдаған соң ұлы Октябрьдің 50 жылдығына арналған Челябі жоғары танкі қолбасшылығы училишесіне түседі. Бірінші шешен соғысына қатысқан. Грозныйды алуда алдыңғы шепте жүріп, таулықтармен ұрыс кезінде асқан ерлік көрсетті. Осы әрекеті үшін Владимир Путин «Ерлігі үшін» Орденін табыстады. Фотосуреттерде байқасаңыздар, Серік Ғазизұлы соғыс салдарынан көзінен ауыр жарақат алған.

Арман Давлетяров (1961 жылы туған)

Музыкалық бағдарламаларға арналған Муз-ТВ арнасын (Ресейде) білетін шығарсыздар. Сол жақтағы бірден-бір ұлттық телеарна ретінде танылған. Ендеше талай жылдар осы жерде директор болып, басшылық қызметте біршама жаңашылдық енгізген Орынбор облысының тумасы Арман Елубайұлы Дәулетяров. Әкесі қазақ. Анасы жайлы мәлімет жоқтың қасы. 1985 жылы Мәскеудің кәсіби-техникалық училище колледжің үздік тәмамдап, алғырлығы үшін Чехиясловакиядан (сол жерде осылай аталды) іс-тәжірибеден өтті. 1993 жылы «МедиаСтар» продюсерлік орталығында жұмысын бастап, кейін елімізде де бірқатар танымдық бағдарламаларды жүргізді. Ресейлік БАҚ өкілдері отандасымыздың елінің патриоты екендігін тамсана жазып, тиісті бағасын беріп жатқаны рас. Қазір медиаменеджерлер арасында біршама беделге ие.

Тимур Бекмамбетов (1966 жылы туған)

Қазақстаннан шыққан кинорежиссерлер 1990 жылдардан бастап ТМД шеңберінде айрықша таныла бастады. Қалың жұрт «Громовы» сериясында сценарий авторы Бақыт Қилыбаев, бас продюсер Тимур Бекмамбетов болғанын еміс-еміс есте сақтаған болар. Аталған азаматтардың екіншісі Гурьев қаласында дүниеге келген ол сол жақта мектеп тәмамдап, әкесі Нұруахит Бижанұлының бағыттауымен Мәскеудегі энергетикалық институына түседі. 1993 жылы режиссерлік қыры ашылмай тұрғанда жарнама агенттіктерінде жұмыс істеді. Қазақ жұртшылығынан бөлек, қалың көрермен жадында сақталған «Ирония судьбы. Продолжение», «Джентельмены, удачи» және тағы басқа фильмдер Тимур Бекмамбетов туындыларының тек бір бөлігі.

Кай Метов (1964 жылы туған)

Негізі азан шақырып қойған ныспысы – Қайрат. Шығармашылық ғұмыры Ресейде өтіп, өмірі өнермен астасқан жан сол жақтың азаматы атанған соң біртіндеп Кай деп қысқа есіммен шектелді. Қарағандының тумасы бала күніне музыка әуес, әркез ынтызар болды. Ер жетіп, әскери борышын өтеп келген соң өзін дыбыс режиссері ретінде сынап, инструменталист ретінде қызметін жалғай түсті. Өзінің алғашқы әнін 1991 жылы жазды. «Мама! Я хочу быть пионером», «Битое стекло» сынды тілге жел әрі мағыналы әндер Ресей көлемінде тез-ақ таралды. Қысқасы, композитор ретінде Қайрат Ерденұлын ТМД-ның біршамасы танып тұр. Оң жамбасына келетін электропоп жанрында жеткен табысы телегей.

Дамир Исмагулов (1991 жылы туған)

Орынбор облысының Ударный ауылында туған. Міне қызық, ауылын қазақшалап айтсақ, соққы бақыттайтын деген сөзге саяды. Құдды жекпе-жек өнері маңдайына жазылған сыңайлы. Ұлты қазақ, байұлы руынан шыққан. Жиырманы ар-берісінде жүріп M-1 Global мен Ultimate Fighting Championship-те сәтті өнер көрсетті. Әлемдік аралас жекпе-жек промоушндері арасында UFC-дің бәсі жоғары екені белгілі. Бірнеше жыл бұрын келісімшартқа қол қойып, UFC-де әлі жеңіліп көрмеді. Егер торда, я болмаса сегізбұрышта қазақстандық жекпе-жек шеберлері өнерлері көрсетсе, міндетті түрде келіп, қолдау көрсетуге әзір.

Альбина Джанабаева (1979 жылы туған)

Өзі әнші, өзі тележүргізуші, өзі әртіс. Ресейде «ВИА Гра» тобын білмейтін жан ілуде біреу шығар. 2004-2013 жылдар арасында талай елішілік, халықаралық байқауларға қатысып, көрермен көзайымына айналды. Альбина Джанабаева Волгоградтағы қазақ-орыс отбасында дүние есігін ашты. Қазақ қызы. 2004 жылы ұлы Константин өмірге келген соң «ВИА Гра» тобының продюсері Дмитрий Костюк пен Константин Меладзенің шақыртуын алды. Әкесі Борис Хабдышұлы өмірін геологияға арнаса, анасы Ирина Джанабаева сатушы болып нәпақасын тапқан.

Егор Кончаловский (1966 жылы туған)

Тағы бір кинорежиссер. Қақаған қыста орыс-қазақ жанұясында жарық дүниеге келді. Әкесі Андрей Михалков-Кончаловский, анасы Наталья Аринбасарова (қазақыласақ Орынбасарова). Көзін ашқалы орыс мәдениетін көріп, сол жақтың қоғамына үйреніссе де қазақ тарихын зерттеуден жалыққан емес. Тіпті Томирис патшайым жайлы фильм түсіруді де жоспарлаған болатын. Кеңес әскерінде атты полкта борышын өтеп, келген соң жарнамалық бағытқа ауысты. Режиссер ретінде «Я был советским писателем» атты документалдық фильм түсіріп бастады. Негізінен триллер, қылмыс жанрында фильмдер түсіреді.

Азамат Мұсағалиев (1984 жылы туған)

Осыған дейін «Еуразия» ұлттық арнасы арқылы танылды. «КВН», «Голосящий КИВИН» сынды танымдық бағдарламаларда «Камызяки» командасының жетекші мүшесі болды. Орысша әзілдегенде Ресейдің талай жұрты ішек-сілесі қатып күліп, ал КВН командалары іштей қаймығып жүретін. Себебі ораторлық қасиеттің арқасында тұтас команда арқаланып, тіпті тарихи атажұртына келгенде қазақша сөйлегені қандастарын бір серпілтіп тастады. Айтпақшы, Азамат Тахирұлы Астрахань облысында туған, руы адай.

Динара Әлімбекова (1996 жылы туған)

Қазақстан спортшылары әзірге тіркемеген нәтижені Беларусь елінде тұратын қарагөзіміз көрсетті. Динара Әлімбекова Қарағанды облысының тумасы. Небәрі үш жаста болғанда тарихи Отанынан жырақтады. Тісқаққан биатлоншы дәрежесіне де көп күттірмей жетті. Жасөсіпірімдер арасындағы әлемдік аламанда алдына жан салмай, алтын медальді мойынға тақты. Нысананы көздеу дәлдігі – 83,8 пайыз.

Демек, сұрмерген болмаса да жүгіруде асқан жылдам деген сөз. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Қысқы Олимпиадада әйелдер арасындағы эстафеталық сында чемпион атанды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ