Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган ретінде ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті жастармен тұрақты түрде тығыз жұмыс жүргізуде. Осы ретте департамент басшысы Ерлан Жалмағамбет парасаттылық жөнінде ой білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Тәрбие тал бесіктен басталады. Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-анасының, ел-жұртының мерейі. Қазақ сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық. Даналығы мен даралығы, тәрбиесі мен өнегесі сөзінде көмкерілген.
Сондықтан Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының негізгі бағыттарының бірі «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылық жүйесін қалыптастыру» болып анықталған.
Осы орайда, соңғы жылдары өскелең ұрпақтың арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. Мұндай алдын-алу жұмыстарын ерте жастан жүргізудің басты мақсаты – балалардың санасында өмірдің әр саласында кездесетін жемқорлықпен күрес дағдыларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным, көзқарас, жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылық жұмыстарын жүргізуде білім беру ұйымдарының алатын орны ерекше. Сонымен қатар, жастарда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда отбасы, нақтырақ айтқанда оның тәрбиелік функциясы ең маңызды рөл атқарады. Отбасында өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударылуы тиіс, себебі баланың санасы мен құқықтық мәдениеті оның тәрбесіне байланысты. Егер оның бойында ар-ұят, әділдік пен парасаттылық қасиеттері болса, ол ешқашан заң бұзбайды, демек сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасамайды және халқына адал қызмет етеді.
Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, жастар арасында парасаттылықты насихаттау, мектеп түлектері, студенттер емтихан тапсыру барысында академиялық адалдықты сақтауларын қадағалау мақсатында «Адал білім» жобасы аясында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттігі мен Білім министрлігінің бастамасына сәйкес бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде Агенттіктің өңірлік департаменттерінің мамандары және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысуда.
Алайда, Департамент қызметкерлерінің, жобалық кеңсе өкілдерінің белгіленген ережелерді сақтау туралы ескертулеріне қарамастан, соңғы 2 жылда өткен бірыңғай ұлттық тестілеу, магистратураға түсуге тестілеу кезінде шпаргалкаларды, ұялы телефондарды, құлаққаптарды, яғни емтихан кезінде тыйым салынған заттарды қолданған 300 астам аббитуриенттің нәтижесі жойылып, емтиханнан шығарылды. Сондықтан мұғалімде, ата-аналар оқушылар арасында мектеп қабырғасынан бастап парасаттылық пен адалдық қағидаттарын тәрбиелеуге көп мән берулері қажет. Тек осылай ғана біз өз ісіміздің кәсіпқойларын оқытып, білікті мамандар дайындай аламыз.
Сондай-ақ Агенттіктің бастамасымен жастар арасында адалдыққа дәріптейтін «Адалдық сағаттары» айына 4 мәрте өткізілуде. Бұл жарқын бастама жас буынның рухани болмысын бекітіп, адам бойындағы ең асыл қасиет – парасаттылықты дәріптеуге зор мүмкіншілік беруде. «Адалдық сағаттарында» балалар даналардың қуатты сөздеріне қанығып, парасаттылық, әділдік және сенім ұғымдарының философиялық мән-мазмұндары тереңнен түсіндіріледі.
Жастар арасында парасаттылықты дәріптеуде Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ерекше бастаманы қолға алды. Атап айтсақ, университте «Таза қол» мүсіндік композициясы қойылды.
«Таза қол» мүсіндік композициясы мінсіз абырой, парасаттылық, адалдық, адам ойының тазалығын бейнелейді.
«Таза қол» мүсіндік композициясының басты мақсаты – жастарға қолдарын парақорлықтан таза ұстауға дәріптеу, сол арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру.
Қазақстанның болашағы жастардың қолында, бұл қолдар таза болуы тиіс, – деді Ерлан Нағашбайұлы.