Заңға енгізілетін өзгерістер парламенттегі талқы деңгейінде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким Мәжіліске түскен заң жобасында бұралқы иттерді ату мәселесі де талқыланып жатқанын айтты. Комитеттің сөзінше, мәжілісте үйсіз жануарлардың тағдырына қатысты бірнеше ұсыныс қаралып жатыр.
– Тиісті түзетулер талқыланып жатыр. Қазіргі таңда мәжіліс түзетулер пакетін қабылдап алды. Сондай-ақ, сенат тарабынан бастамалар бар. Жануарларға жауапкершілікпен қарау бағытында түрлі тұжырымдамалар бар. Оның ішінде қайтарымсыз аулау бойынша да, «аулау, залалсыздандыру, вакциналау, қайта босату» бағдарламасы жөнінде де ұсыныстар бар. Қазір нақты қай ұсыныс заңға енгізілетінін айта алмаймыз. Заң жобасы парламентте жатыр, - дейді Андрей Ким.