Патрульдік полицейлер қалай жұмыс істейді?

179
көрілім

 

Сайт тілшісі Өскемен қалалық Полиция басқармасына барып, сондағы  қызметкерлердің бір ауысымдағы жұмысымен танысып қайтқан еді. 
Қызмет уақыты басталмас бұрын тәртіп сақшылары жұмыс киімдерін киіп, қажетті арнайы құралдарды ала бастайды. Оның ішінде қызметтік куәліктен бастап, бұрышты баллон, рация және резеңке таяқ бар. Броньді кеудеше мен кісен де әр уақытта сақшының жанынан табылатын сенімді құралдар. 
Сақадай сай әзірленген қызметкерлер кешкі сағат 19:00 де саптық жиында тұрулары тиіс. Жиын барысында полицейлердің қызметтік планшеттері мен арнайы таяқшалары тексеріледі. Кейіннен жедел тапсырмалар беріліп, іздеуде жүрген қылмыскерлер, айыппұл арқалаған көліктер туралы мәліметтер айтылып, әр патрульге қала бойынша өз аумақтарының тыныштығын күзету тапсырылады.
Жиыннан соң патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, подполковник Бейбіт Мұсақановпен азды-кем әңгіме-дүкен құрдық.
- Біздің қызметкерлер 2 ауысымда, яғни таңертең және кешкі уақыттарда өз міндеттерін атқарады. Олар қала тыныштығымен қатар, жолдағы тәртіпті де қадағалайды. Өздеріне тапсырылған міндерттерді бұлжытпай орындап, белгіленген уақыт аралығында қызметтерін атқарады. Қазір өз қатарымызға жаңадан қызметкерлерді қабылдап жатырмыз. Осы орайда  әскерге барып келген және «Заңгер» мамандығын тәмамдаған азаматтарды жұмысқа шақырамыз, - деді ол. 
Кейін бізді бір ауысым бойы бірге жүретін полицейлермен таныстырды. Қуандық Мансұрұлы және Қайырлы Ержетұлы “Назарбаев” және “Бажов” даңғылдары қиылысатын жерлерді патрульдейді. Жолай олардың осы салаға қалай келгендігін сұрап көрдік. 
- Бұл қызметті 2017 жылдан бастап атқарып келемін. Құқық қорғау органдарының басқа салаларына ауысуға ұсыныстар түскен. Бірақ осы жұмыстан шыққым келмейді. Көше патрульдеп, шақыртуларға бірінші болып барып, елге көмегімді тигізген ұнайды, - деді патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Қуандық Мансұрұлы.
7 жылдан астам уақыт осы қызметте жүрген тәжірибелі сақшы талай адамның алғысын арқалап келеді. 
Кенет қала тұрғындарынан жедел арнаға қоңырау түсіп, қызметте жүрген патрульдік полицейлерге хабар берілді. Сол маңдағы тұрғын үй аулаларының бірінен хабарласыпты. Көрсетілген мекенжайға барғанымызда қызық жайтқа куә болдық. Есірткіге есі кете мастанған адам түннің бір уағында халықтың тыныштығын бұзып, маза бермеген. Тәртіп бұзушыны көрген бойда полицейлер тиісті шараларды қолдануға кірісті. Ер адам синтетикалық есірткіні тұтынуы мүмкін бе деген ой келді. Есін жидыру үшін түрткілеп көріп еді нәтиже жоқ. Кейін сөмкесінен жеке басын куәландыратын құжаты табылды. Тексеріс барысында тұрғынның есепте тұрған нашақор екені анықталды. Сол бойда мастанған ер адамды қызметтік көлікке отырғызып, полиция бекетіне жеткіздік. Кейіннен жедел жәрдем қызметкерлері шақырылды. Сәлден соң келген ақ халаттылар оны мұқият тексеріп, патрульдік полицейлерге айықтырғышқа алып кетуге болатындығын айтты.
Біз ауысымда жүргенде тек бір шақырту түсті. Полицейлерден кейде шақыртулар осылай аз бола ма деп сұрадым. Әр күні әрқалай екен. 
- Әсіресе демалыс күндері жиі шақырту түседі. Көбінесе отбасылық кикілжің, дәмханалар мен түнгі клубтарда төбелес болады, - деді полиция қызметкерлері. 
Әне-міне дегенше бізге жүктелген уақыт та таяп қалыпты. Түн жарымында басқармаға келіп, ауысымды аяқтадық. Еліміздің әр түкпірінде күн-түн демей халықтың тыныштығын күзетіп жүрген сақшылар талай адамның жанын ажалдан арашалап қалғаны ақиқат. Басымызға іс түссе бірінші іздейтініміз де – осы полицейлер. Сол үшін олардың жұмысына түсіністікпен қарап, құрметтей білейік.
 

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ