Алматыға бағыт алған күдікті Семей қаласының автобекетінде құрықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
2019 жылы желтоқсан айының соңында «102» арнасына Өскемен қаласынан зейнет жасындағы тұрғын хабарласып, ешкім жоқта үйінің тоналғанын айтқан. Тексеру барысында белгісіз біреу жуынатын бөлменің пластик терезесін қысып ашу арқылы ішке енгені анықталды. Әккі жігіт үй иесінің алтын бұйымдарын қолды етіп, 3 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Түскен шағым бойынша дереу ізге түскен Өскемен қаласы Полиция басқармасының тәртіп сақшылары көп ұзатпай Семей қаласының автобекетінде Алматы автобусына отырмақ болған жерінде күдіктіні қолға түсіреді. Жасы жиырмадағы жігіт Павлодар қаласының тұрғыны екені анықталып, бұлтартпас айғақтар нәтижесінде оның жымысқы әрекеті толықтай әшкереленді. Қазір қасақана үйді тонау әрекеті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-тарауы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.