Шығыс Қазақстанда «Өз үйім» бағдарламасы жұмысын бастады. Атап айтқанда, облыс орталығының Күленов кентіндегі «Riviera Residence» көпсалалы тұрғын үй кешенінде жаңа үйлер қолданысқа берілмек. Еуропалық стильде салынған үйлерге өтінім берудің уақыты шектеулі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО ақпараттық орталығының хабарлауынша, ол аумақтан үй алудың шарттары жеңілдей түскен. Себебі, үй құрылысын жүргізген компания Тұрғын үй Жинақ банкімен келісімге келіп, өткен айдың соңында Тұрғын үй Жинақ банкі аясында 68 пәтер бойынша келісімге қол қойылған. Лоджисіз пәтердің бір шаршы метрі 130 мың теңге болса, лоджиі бар пәтердің бір шаршы метрі 135 мың теңге тұрады.
– Өз үйім бағдарламасы біздің өңірде тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Алғашқы салым пәтер құнының 30 пайызын құраған жағдайда салымшылар бағдарламаға қатыса алады. Өтінім берудің уақыты шектеулі. «Riviera Residence» тұрғын үй кешені бойынша бағдарламаға қатысқыңыз келсе, Тұрғын үй Жинақ банкіне 2017 жылдың 15 мамыры мен 14 маусымы аралығында келіп, электронды өтінім беруіңіз керек, – делінген хабарламада.
Мейрамбек Қосажан