Балада анықталған тілдік кемістік, психологиялық ауытқушылық, гипербелсенді мінез-құлық, одан қалды оқушының суицидтік бейімділігі бүгінгі күннің заңдылығы. Бүгінде мектеп, я болмаса балабақша табалдырығын аттайтын бүлдіршіннен мұндай ауытқушылық байқалса, оның әрі қарайғы білім алу үрдісін арнайы комиссия анықтайды. Дегенмен мұндай комиссия жұмысының кейбір жақтарын жіті біле бермейтін тұрғындар Бұқара.кз сайтының редакциясына жиі хабарласып сауал қойып жатады. Осы ретте оқырман сауалын назардан тыс қалдырмау мақсатында комиссия қорытындысының жарамдылық мерзіміне, оның құрамы мен қажеттілігі жайын біз де саралап көрдік.
Облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділованың хабарлауынша, өткен жылы осындай комиссия қарауынан өткен балалар саны өңірімізде 8 мыңнан асып жығылса, биылғы жылдың алғашқы үш айында олардың саны үш мыңға жеткен екен.
- Өңірімізде 1 облыстық және 5 ауданаралық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) қызмет етуде. Аталған ПМПК-лар Өскемен, Семей, Алтай, Аягөз, Шемонаиха қалалары мен Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында орналасқан. Мұндай комиссиялар еліміздің Білім және ғылым министрінің "Арнайы білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес жұмыс атқарады", - дейді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
Жауапты тұлғаның айтуынша, аталмыш комиссиялар құрамына педагог қызметкерлер (психолог, мұғалім-логопед (логопед), дефектолог (олигофренгопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог), әлеуметтік педагог және медициналық қызметкерлер (невропатолог-дәрігер, психиатр-дәрігер, офтальмолог-дәрігер, оториноларинголог-дәрігер (сурдолог) кіреді.
- ПМПК нормативтік құжатында баланы жылына бірнеше рет тексеру туралы нақты саны көрсетілмеген. Білім беру ұйымдарының түзету жұмысының қорытындысынан кейін педагогикалық психологиялық консилиумның шешімі бойынша баланы тексеру немесе тексермеу керектігі анықталады. Ал үйде оқитын балалар үшін жылына кезекті бір рет тексеру белгіленген. Комиссия қорытындысының жарамдылық мерзімі түзету жұмыстарының нәтижесі бойынша анықталады", - дейді лауазымды тұлға.
Қоса кетсек, балалардың ПМПК-ға жіберілуі ата-аналарының (заңды өкілдерінің), білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының бастамасымен ата-анасының келісімі арқылы және ата-анасының бірге еріп келуімен жүзеге асырылады. ПМПК қорытындысы ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды арнайы ұйымдарға және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарына, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жолдауға негіз болып табылады. Комиссия қорытындысы мен ұсынымдар ата-аналарға қолма-қол беріледі.
- Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің "Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ережені бекіту туралы" бұйрығына сәйкес үйде оқитын мерзімі көрсетіле отырып, дәрігерлік-консультациялық комиссияның бала денсаулығының жағдайы туралы қорытындысы үйде жеке тегін оқуға негіз болып табылады,- деп қосты басқарма басшысы.
Комиссияның балаларды тексеруі мынадай тәртіпте жүргізіледі:
- Бірінші тексеру жұмысы — анамнез жинау, дәрігерлердің (сурдолог, офтальмолог, невропатолог, психиатр), педагогтердің (әлеуметтік педагог, олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог, логопед), психологтың тексеруі, баланың психофизикалық жағдайын бағалау, ата-аналарға кеңес беру болып табылады. Бірінші тексеру бір немесе төрт рет қабылдау арқылы жүргізіледі. Қабылдау ұзақтығы бір сағатқа, баланың шаршауы жоғары болғанда 20-30 минутқа созылады.
- Қайта тексеру ПМПК-ның жалпы қорытындысын нақтылау немесе өзгерту мақсатында жүргізіледі. Ең алдымен диагностикалық топтарда, диагностикалық оқу-түзеу сабақтарына, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында, орта білім беру ұйымдарындағы сынама оқытудан кейін зияткерлік немесе тілдік даму кемістігінің деңгейін нақтылау қажеттігі болған жағдайда жүргізіледі.
Психикалық бұзылыстар (аурулар), психикалық және мінез құлықтық, оның ішінде психобелсенді заттарды қолдану салдарынан болған ауытқушылықтарды, сондай-ақ баланың суицидтік мінез-құлқына күдік болған жағдайда тереңдетілген тексерулер жүргізу үшін медициналық мекемелерге жіберіледі. Тексерулер нәтижесінде ПМПК-ның жалпы қорытындысы қабылданып, баланың жеке психофизиологиялық ерекшеліктеріне қарай түзете-дамыта оқыту барысындағы білім беру бағдарламасының түрі туралы алқалық шешім шығарылады. Қажет болған жағдайда медициналық, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету бойынша ұсынымдарды қарастыратын жеке түзете-дамыту бағдарламасы жасалып, ата-аналарға кеңес беріледі.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ