Ұсыныс білдіргендер әу баста Прапорщиково ауылының атауын «Бидай қала» деп өзгертуді жөн санаған. Дегенмен ономастикаға қатысты жаңалық тұрғындар арасында түрлі пікір туғызды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Әкімдік өкілдері алғашында бастама танытқандар ұсынысына сәйкес барлық өтініштер қаралатынын мәлімдеді. Қоғамдық тыңдау шілде айының 2-сі күні Прапорщиково ауылындағы Мәдениет үйінде өтеді деп жоспарланған болатын.
Елдімекен Өскеменнің іргесінде орналасқан. Бейресми мәліметке сүйенсек, мұндағы тұрғындар саны 3000 адамға жуықтайды. XVIII ғасырдың ортасында негізі қаланған ауыл атауын «Бидай қала» деп өзгерту мәселесі көтерілді. Бірақ кейбірі үшін қазақыланудан бұрын Прапорщиковоның өзге түйткілдерін шешу маңызды саналған.
– Жол жөндеп, көшелерді жарықтандыруды бұрыннан сұрап жүрміз. Ауызсу мәселесі де шешілмеген. Глубокое ауданына қараймыз. Дәрігерлер көмегіне жүгініп, қан тапсыру керек болса әуре-сарсаңға түсеміз. Қалаға қосылсақ деген тілегімізді де айттық, өзгеріс жоқ. Қысқасы, су, жарық, жол машақатын айтқанда еш нәтиже жоқ, ал атау өзгерту туралы бастамаға бірден мойын бұрды, – деді Татьяна есімді тұрғын.
Арада аз уақыт өткенде Ертіс ауылдық округі әкімдігіндегілер ресми ақпарат ұсынып, елдімекен атауын өзгерту туралы ұсыныс қаралмайтынын алға тартты.
– Арыз жазған адам арызын қайтарып алды. Нақты себебін айтпады. «Дайын емеспін» деді. Ауыл атауын өзгерту туралы бастама бұрын-соңды көтерілген жоқ, – деді ауылдық округ басшысы Ерлан Жұмағұлов.
Әділхан ЕСІМХАНОВ