Пресс-тур: Күршім ауданында қандай өзгеріс бар?

2385
көрілім

Күршім ауданының төтенше жағдайларға ден қоюға арналған дайындығын, өзгерістері мен жаңалықтарын көріп-білу үшін БАҚ өкілдеріне пресс-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Көпір қашан салынып бітеді?», «Күршім ауданы Ақсуат жолын су басқан еді. Сол жолдың қазіргі жағдайы қалай?», «Күршім ауылының жалғыз бассейні қазір жұмыс істеп тұр ма?», «2022 жылы болған ірі өртті болдырмас үшін атқарушы органдар сақадай сай ма?», «Ауылдағы көпқабатты үйлердің орталықтандырылған жылу жүйісіне қосылатын мүмкіндігі бар ма? Салынған қазандықтардың жұмысы қалай жүргізілуде?» деген сынды сұрақтар әр көптің көкейінде сарнап тұр. Осы пресс-тур аясында солардың бірқатарына жауап алып қайттық.


Құрылысы жыл соңында аяқталады
Барлығымызды бұрыннан мазалап жүрген маңызды жұмыс – Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысы. Көпір қажеттілігі мәселесін «Менің өлкем» газеті де бұрын талай мәрте көтерген еді. Ал қазір көкейіміздегі басты сұрақ – «Көпір қашан салынып бітеді?». «ОблШығысЖол» ЖШС маманы Ниғматулла Абдулхаковтың мәлімдеуінше, желтоқсан айы - жұмыстың соңы болмақ. Көпірдің барлық детальын, оның ішінде техниканың жүріп-тұруына арналған жанама көпірді, техниканың өзін, бағандарды, арматураларды көріп, көпірдің  85 пайызы тұрғызылғанына куә болдық. Биіктігі 18 метр болатын көпір индустрия саласын өзгертетініне құрылысшылар әбден сенімді. Қазір 3 бағананы бұрғылау, бетондау армакаркасты дайындау жұмыстары жүргізілуде.
- Көпірді салуға 184 жұмысшы жұмылдырылған. Соңғы жұмыстарды аяқтау үшін олардың күші жеткілікті, - деді ол.
Ұзақ жыл бойы пароммен қатынаған шығысқазақстандықтар бұл көпірге зор үміт артып отыр.
Қанша жылдан бері суы толмаған бассейннің мәселесі шешіліпті. Жергілікті халық бұл жерді «бос-сейн» деп атап кеткен-тұғын. Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев оның негізгі мәселесін атап өтті.
- Менен «бассейнді саласың ба?» деп сұраса, салмайтын едім. Себебі үлкен шығынды қажет етеді. Ай сайын жылу беру жүйесіне 6 мың теңге жұмсалады.  Бірқалыпты температураны, 27 градусты сақтап тұру үшін көп энергия кетеді. Хлорды сатып алу, қолдану шығыны – ай сайын 8 мың теңге. Өзен-көлі бар өңірімізге бассейннің қажеттілігі аз. Ауданымызда 8 мың халық тұрады, оның 3000-ы жастар. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені де өз жұмысын жалғастыруда. Айта кету керек, сол ғимарат бұрында ат қора болған. Ішіне жөндеу жұмыстары жүргізілген, келушілер де аз емес, - деді аудан әкімі Алмат Ақышев.


Екінші толқынға дайындық
Елімізде болып жатқан тасқын судың әсері бәрімізге ауыр соққыдай болғаны рас. Шығыс Қазақстан облысы суы мол өлке болғандықтан аса сақтықты, үлкен дайындықты қажет ететіні белгілі. Жақында «Күршім-Қалжыр-Ақсуат» жолының 0-47 шықырымын қызыл су шайып кеткен еді. Қалғұты өзені жауын-шашын әсерінен арнасынан шығып, салдарынан көлік қозғалысы тоқтатылған. Бұл жағдайға тез арада ден қойған жергілікті атқарушы орган өкілдері тасқынның бетін қайтарды. Қазір Үшбұлақ және Маралды ауылдары басты назарда болып, Қалғұты өзенінің бойына бөгеттер қойылып жатыр.
Әкімнің айтуынша, 7 ауыл қауіпті аймақта тұр. «Тасқын судың екінші толқыны келе жатқандықтан барлық жұмыстар жауапкершілікпен орындалуда» деді ол.
Бас қосатын жер
Судың маңында орналасқандықтан жұрт тасқынның алдын алумен ғана шұғылдануда демеңіздер, күршімдіктер рухани дамуға да ден қойып, заманнан қалысар емес. Былтыр Күршім ауылының ішінде «COWORKING» орталығы ашылған. Бұл орталықта барлық жастағы адамдар бас қосып куиз ойнын ойнап, әртүрлі жиналыс пен семинарлар өткізеді. Әкімдік бұл алаңға 6 млн теңге қаражат құйған.
Күршім ауданында өндіріс инвестициясын дамыту басты назарда ұсталып отыр. Бұл жердің ерекшелігі де осы. Олар табиғи өнімдерді ұтымды пайдалануда. Қалдықсыз балық шаруашылығына және жартылай фабрикаттар кәсібіне жергілікті жұрт оң бағасын беруде.
Әкімнің тағы бір мақсаты бар. Ол ауыл мәртебесінен айырылған Бесжылдық ауылын қалпына келтіру. Ауылға бірнеше отбасыны қоныстандыру үшін алғашқы жұмыстарды орындап шықты. Бесжылдық пен Сарыөлең арасындағы жолға асфальт төселіп, балаларға арналған ойын алаңы салынды.


Р/s: Жергілікті жұртпен сөйлесіп, олардың пікірін білдік. «Ауданда қандай мәселе бар?» деген сұраққа біреулер интернет жайын айтса, кейбірі жолдың нашарлығын жеткізді. «Ең өзекті мәселе - жазда маса-шіркейдің қаптауы» деді басқалары. Бәлкім сенбейтін шығарсыз, кейбір тұрғындар жаңа заман технологиясы өлкемізге тимегені жақсы дейді. Себебі жылтыраған техникаға толғаннан гөрі ауылдың ауыл болып қалғанын құп санайды. Осылайша, күршімдіктер келешектерін әртүрлі елестететіндіктеріне куә болдық. Халықтың үніне құлақ асылса, әкімнің де, жұрттың да мақсаттары бір арнаға келіп тоғысар…
Валентина СВИРИДЕНКО