Ресей 2033 жылға дейін Қазақстан аумағы арқылы 100 млн тонна мұнайын Қытайға экспорттамақ

214
көрілім
Фото:rbc.ru сайтынан

Мәжіліс Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау келісіміне енетін өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

«Жоғарыда аталған келісімге 2013 жылғы 24 желтоқсанда қол қойылды және 2014 жылғы шілдеде келісім шарттары мен Тараптардың уағдаластықтарына сәйкес ратификацияланды.

Тараптар келісімді 2024 жылдан 2033 жылға дейін ұзартуға өзара мүдделілік білдірді және 2013 жылы қол қойылған келісімге өзгерістер енгізу бойынша тиісті келіссөздерге кірісті.

2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Ресей мұнайының ҚР аумағы арқылы ҚХР-ға жалпы транзиті 90 млн 899 мың 271 тоннаны құрады. Жалпы түсім 1 млрд 327 млн доллар немесе 501 млрд 981 млн 476 мың 65 теңгені құрады», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министрдің сөзіне қарағанда, Ресей тарапы «Роснефть» СNPС-мен алдағы 10 жылда 100 млн тонна мұнай жеткізу туралы келісімді ұзартып, қол қойғанын хабарлап отыр.

«Келіссөздердің қорытындысы 2023 жылғы 16 маусымда Санкт-Петербург қаласында келісімге өзгерістер енгізу туралы қол қойылған хаттама болды.

Келіссөздер кезінде ТОН-2 маршрутының учаскесін келісімге енгізу және «тоннасына 2 доллар» тарифін белгілеу ұсынылды. Жоғарыда аталған барлық өзара ұсыныстар тараптар арасында келісілді.

Келісімді ұзарту Павлодар мұнай-химия зауытынан Омбы-Павлодар мұнай құбыры арқылы Қазақстанға түсетін мұнаймен жүктеуді қамтамасыз етеді. Ешқандай тәуекелдер жоқ.

2024 жылдан 2033 жылға дейінгі кезеңде екі учаске бойынша ҚР аумағы арқылы ҚХР-ға Ресей мұнайының транзитінен күтілетін түсім – 1 млрд 851 млн доллар. Ал алмастырудан түскен пайданы ескерсек, түсім көлемі 1 млрд 710 млн доллар болады», - деді Энергетика министрі.