Ресейдің Барнаул қаласындағы кісі өлімі бойынша екі шығысқазақстандыққа жаза кесілді

589
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Барнаул қаласындағы қанды оқиғаға қатысты екі сотталушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот материалдарына сәйкес, сотталушылар екі жылға жуық уақыт бұрын Барнаулға барып, қымбат көлікке қол жеткізу үшін көлік иесін өлтіріп кеткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сот материалдарына сәйкес, ШҚО-ның екі тұрғыны мен тағы екі жігіт (сот материалдарында «өзге екеу» деп жазылған) қымбат маркалы көлікті қолды етуге келіседі. Хабарландыру арқылы Ресейдің Барнаул қаласының тұрғыны көлікті сатып алуды ойластырып жүргенін оқиды. Осыдан кейін Ресейге барып, төртеуі көлік иесімен кездесуге келіскен.

Сот материалдарында көліктің иесімен кездесуге төртеуі де келгенімен, екеуі көліктің ішінде күтіп қалғаны жазылады. Ал қалған екеуі көлік сатушыға пышақ кезеп, қорқытып, бопсаға көнбеген көлік иесін жаралап та жіберген. Алайда салоннан жан ұшырып шыққан жігіт қашып кетуді ойластырғанымен, сыртта күтіп қалған екеуі қуып жеткен. Бірнеше соққыдан есін жинай алмаған зардап шегуші құлаған жерінде қалады. Ал екі көлікке отырып алған төртеуі осы уақытта із суытып кете барған. Зардап шегуші есін жиған сәтте, істі ашуға ілік болар мән-жайды айтып үлгергенімен, жан тапсырған. Ресей елінің құқыққорғау органының қызметкерлері қылмыскерлердің ізіне түсіп ШҚО-ға келген екен.

Сот процесі Өскеменде өтті. Сотталушылардың бірі өзіне тағылған айыппен келіспей, тергеу кезінде өзіне қысым жасалғанын айтып жауап берген. Кісі өлімі мен қарақшылығы үшін сотталушылардың екеуі де 16 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Аталған қылмыстық іске қатысты тағы екі адамға іздеуде жүр.

Мейрамбек Қосажан