Бұл туралы “Қазақстан атом электр станциясы” ЖШС директоры Тимур Жантикин мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, АЭС салу үшін төрт мемлекеттен техникалық-коммерциялық ұсыныс түсті. Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ және Ресей елдерінің 6 вендоры тәжірибесімен бөлісуге әзір көрінеді. Әйткенмен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да жиналған жұрт пікірі екіге бөлінді. Мәселен, қала тұрғыны Әділ Ғабитұлы нысан салынса, өзге елдерге тәуелді болатынымызды жеткізді. Энергетика министрлігінің өкілдері бүгінде электр энергиясы Ресейден сатып алынып жатқанын алға тартты.
- Сол үшін де АЭС-тің өз елімізде салынғаны тиімді. Айталық, осыған дейін көршілес елден 426 млн киловатт сағат электр энергиясын сатып алдық. Бізде тиісті зерттеу реакторлары жеткілікті, - деді ҚР Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Мурсалова.
Ал Тимур Жантикиннің сөзінше, қазіргі уақытта АЭС салу үшін Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Абай облысындағы Курчатов қаласы қарастырылып жатыр.