«Республикаға танымал ауыл»: Ұлан ауданына қарасты Жанұзақ ауылының қазіргі тіршілігі қандай?

353
көрілім
фотосуреттер автордікі

Ұлан ауылының іргесінде (бұрынғы Шымқора) Жанұзақ деген алақандай ауыл бар. Қазір бұл елдімекен көптің аузында «Ішімдіктен бас тартқан ауыл», «Ең таза ауыл» деп аталып жүр. Мың рет естігенше, бір рет көргенге не жетсін деп, газет тілшілері ауылдың тыныс-тіршілігін байқап қайтты.

«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді»

Төрт көшені жағалай орналасқан алпыс үйлі, 300-ге жуық тұрғыны бар шағын ауылға күн көкжиектен көтерілген мезгілде жеттік. Шілденің шыжыған күндерінің бірі, ауыл маңынан я көше бойынан қыбыр еткен жанды көрмедік. Жанұзаққа таяғанда күмбезі көзге түсетін мешіт, балалар алаңы мен мектеп орналасқан басты көшеге қарай бойладық, мұнда тіршілік енді оянған уақыт екен. Аяқ-киімін киер киместен үйден қашып шығып, алаңға асыққан балалардың, немерелерін жетектеген ауылдың көнекөз қарияларының қарасы көріне бастады. Көліктен түсе сала, бүлдіршіндермен жарысып футбол алаңына кіріп, іргелес тұрған балалар алаңқайын да көріп шықтық. Бірер уақыт өткенде ойын алаңының іші балдырғандарға толып, шат-шадыман дауыстары манағы мүлгіген тыныштықты жойып жіберді.

Қағаз, қалам мен камера көтерген журналистерді ауыл ақсақалы бірден таныса керек, жанымызға келіп жөн сұрасты. Бізді құшақ жая қарсы алып, Жанұзақ ауылының қазіргі тіршілігі туралы айтып берді. Ауыл тумасының айтуынша, тұрмыстан күй кеткен тоқсаныншы жылдары Жанұзақтан ешкім көшпепті, ауылда иесіз қаңырап тұрған үй жоқ. «Алақандай ауылдың айрандай ұйып отырғандығының басты себебі – мұндағы азаматтардың мызғымас бірлігі» дейді.

– Жанұзақ ауылы береке-бірлігі жарасқан, көпке үлгі болған, республикаға танымал ауыл. Қазір халықтың күн көрісі қорасындағы малына байланысты. Ауылда жастар көп. Қуантатыны, олар қара шаңырақтарын тастап, қалаға көшіп кетпеді. Жастардың бір бөлігі қалаға барып жұмыс істесе, енді бір бөлігі ауылдағы 9 жылдық мектепте қызмет етеді. Ауылда мешіт пен қатымхана жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың салауатты өмір салтына арналған шағын футбол және хоккей алаңдары бар. Қандай да бір мәселе туа қалса, ауыл тұрғындары жұдырықтай жұмылып, кәрі, жас демей бірге кіріседі, – деді ауыл ақсақалы Тұрсынбек Сағындықов.

Тұрғындардың айтуынша, есігіне құлып салынбайтын бұл ауылда мәселе жоқтың қасы. «Көшелерге жарық тартылған, күннің қай мезгілі болсын алаңсыз, қорықпай жүре береміз» деді ауыл адамдары. Кейбірінің сөзінше, Жанұзақтағы жалғыз мәселе – спортзалдың жоқтығы. Ақсақалдар аудан, облыс әкімдігіндегілер бұдан құлағдар екенін, осы мәселені аймақ басшылығы біржақты ететініне сенім білдіруде.

Ащы су мен темекіден бас тартқан

Осыған дейін ел арасында «Жанұзақ ішімдіктен бас тартқан ауыл» деп танылған еді. Бұл игі үрдіс әлі сақталғанын білмекке ауылдағы жалғыз дүкенге жол тарттық. Дүкен деп менмұндалаған баннер немесе тақтайша көзге ілікпеген кезде біраз әбігерге түскен едік. Аздан соң алдымыздан екі тұрғын кездесіп, жол көрсетті. Олардың айтуынша, ауылда жалғыз дүкен бар. Дегенмен бағалары тиімді, азық-түліктің түр-түрі бар, ауылға жаңа піскен нан күнде жеткізіледі екен.  Дүкенге жеткен бойда, мақсатты түрде сатушыдан бірден ішімдік пен темекі сұрадық.

– Ауылда мешіт салынғалы ішімдік пен темекі сатылмайды. Шамамен жеті жылдың жүзі болды. Жанұзақ жұрты ішімдіктен бас тартты дегенмен, ащы судан ұрттап, темекіні будақтататындардың барын жасырмаймын. Тек біз бұл өнімдерді сатуға қоймаймыз, ауыл жастары ішімдік пен темекіден бас тартқанын ерекше айтқым келеді, – деді «Айгерім» дүкенінің қожайыны.

Ауылда тыйым салынған өнімдер сатылымнан алынғалы, сауданың кері кеткенін жасырмады кәсіп иесі. Тіпті есепте жарты миллион теңгеге жуық тауар айналымының жүрмегенін растады. Алайда ауылдағы жалғыз дүкен ел игілігіне қызмет ете бермек.

«Ең таза ауыл»

Биылғы көктемде басталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша облыста Ұлан ауданы ең көп тазалық жұмыстарын жүргізген аудандардың бірі болды. Ауданда «Ең таза ауыл» байқауы өтіп, 45 ауылдың ішінен Жанұзақ ауылы жеңімпаз атанған еді.

– Байқауға Жанұзақ ауылынан еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, жалпы саны 156 адам қатысты. Тұрғындар әуелі өз аулаларын ретке келтіріп, кейін өзен жағалауын, көшке бойын қоқыстан тазартты. Көшеттер егіліп, бағандар әктелді. Футбол және балалар алаңын тазалау жұмыстары жүргізілді. Аудандағы 45 елдімекен арасынан Жанұзақта қамтылған жұмыстардың көлеміне қарай, ауыл бірінші орынды иеленді. Байқау жеңімпазын аудан әкімдігі арнайы тағайындаған комиссия анықтады. Жанұзақ ауылы «Ең таза ауыл» мәртебесін алып, жеңімпаз ауылға 10 млн теңгенің сертификаты табыс етілді, – деді Егінсу ауылдық округінің әкімі Ерасыл Бейдженбаев.

Тазалық акциясы аясында қоржынға түскен қаржыны ауыл ақсақалдары мен әкімдік өкілдері ақылдаса келе, алдағы уақытта ауылдың қажетіне жарататындарын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, мешіт шатырынан су ағып, тоза бастаған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сыйақыны қолға табыстаған бойда әуелі мешіттің жөндеу жұмыстарын жүргізбек. 

*

Біз барып, көзбен көріп, көңілге тоқып, Жанұзақ ауылының жақсы бастамаларынан ғибрат алдық. Ауыл халқының бойынан туған жерге, елге деген патриоттық, сүйіспеншілік сезім байқалды. Олар берекесі мығым ауылдан ешқашан мереке тарқамайтындығын дәлелдеп келеді. Барлық ізгі амалдарын «Бұл – біздің ел алдындағы перзенттік парызымыз» деген бір ауыз жүректен шыққан лебізбен түйіндеді. Шынымен де, қарапайымдылық ұлылық пен даналыққа бастайтын жол емес пе? Ендеше туған жердің туын көтерген жанұзақтықтарға әрдайым сәттілік серік болғай.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ