Режиссер Абай Дәулетұлы: «Мақсатым жылату, күлдіру емес, менің мақсатым – көрсету болды»

517
көрілім

Өскеменде 31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» қарсаңында колледж студенттері, Төтенше жағдай департаментінің мамандары және БАҚ өкілдері  ШҚО  Жастар театрының  актерлерімен жүздесті.
20-ғасырда талайдың тағдырын тауқыметке айналдырған «АЛЖИР» лагері қазақ тарихындағы тағы бір қасіреттің қара парағы болып қалды. «Отанын сатқан» деген жалған айып тағылған зиялы тұлғалардың  жұбайлары  осы қапасқа қамалып, азапталды. Осынау  азалы жылдарды ұрпақ жадында сақтау үшін жуықта театр актерлері «АЛЖИР» қойылымын бұқара назарына ұсынды. Қапаста қайсар мінез көрсеткен  нәзік жандардың  төзімділігі көрерменді жігерлендірсе, көрген қорлығы көзге ыстық жас алдырады. Кездесу барысында қатысушылар  актерлермен еркін сұхбат құрып, тың деректерге көз жеткізді.


Актерлер тарихи қойылымды барынша шынайы жеткізу  үшін екі-үш ай уақыт дайындалыпты. Лагердегі қасіретті күндерді, әр кейіпкердің шынайы образын ашу үлкен қиындық тудырғаны сөзсіз.
- Қазір жастардың көбісі кітап оқымайды. Ал тарихтың барлығы тек кітап беттеріне ғана түскен. Маған тарихымызды жастарға қалай жеткіземіз деген үлкен ой келді. Ақыры театр сахнасы арқылы көрсетуді жөн көрдім. Осы пьесаны жазуға бір жылдай уақыт кетті. Қойылым  қазақ және орыс тілінде жазылды. Сол кездегі көріністі шынайы көрсету үшін осындай қадамға бардық. Халық жақсы қабылдады. Көрермендердің кейбірі жыласа, күлсе болды, ұнады дейді. Бірақ, менің мақсатым – халықты жылату, күлдіру емес, менің мақсатым – сол бір қасіретті тағдырларды көрсету болды, - дейді «Жастар театрының»  қоюшы режиссері Абай Дәулетұлы.


Тарихи деректер бойынша, 1937 жылы КСРО да  «Отанын сатқан» деген жалған жала жабылған тұлғалардың  отбасын қудалап, тұтқындау туралы бұйрық шыққан. Соның салдарынан «Алжир» лагерінде 62 ұлттан  20 мыңға жуық нәзік жандылар жазықсыз  жазаланып, адам айтса сенгісіз азап көрген. Сонымен бірге, бұл лагерьде 1500 нәресте дүниеге келіп, басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болған.