Риддер аумағында аю санағы қалай жүргізілуде?

410
көрілім
Шартты фотосурет

Әсіресе жайлауға жиі барып, тіпті сол жақта айлап түнегендер жақсы түсінеді. Қара түнек қаумалап алғанда, я болмаса айлы түн түңлігін түргенде таяқ тастам жердегі әлденені сиыр деп ойлағанда түбі ақырған аю болып шыққаны жиі айтылып жүрді. «Ауылға кіріп кетіпті», «Қора жақтың ойранын шығарыпты» дегенді де ауыл тұрғындары аз айтпаған. Сайып келгенде Алтай өңірі аюдан кенде емес көрінеді. Негізі солай. Осы ретте Риддер аумағында маймақ санын анықтау қалай жүзеге асқаны жайлы ақпарат ұсынуды жөн көрдік.

Арнайы бағыттар арқылы

Белгілі зоолог Санжар Қаңтарбаевтың кей қылығы құдды тайгада жүргендей әсер қалдырады. Жерге тіккен шатыры кемедей желкеніндей желмен желп-желп етіп, маңызды тапсырманың мінсіз өтуін басшылық еткен. Негізгі жұмыс – «Кучиха» аңшылық шаруашылығы аумағындағы қоңыр аюлар санын анықтау. Алайда тісқаққан маман бұдан бөлек, сүтқоректілер мен құстардың да шамамен қанша екенін анықтағысы келеді. Сәті түссе бұғы, сібір елігі, қабан, қасқыр және түлкінің қарасын білсе тақиясына тар келмес.

– Мұның барлығы облыс ормандарындағы тағының саны қанша, оның ішінде аюлар санын білу үшін жасалады. Көбінесе қай аумақта мекен етеді, қазіргі мінез-құлықтары мен аяқ алысы, бәрі-бәрі дерлік қағазға түртіледі, – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің зоологы Санжар Қаңтарбаева. – Осындай зерттеулердің жүргізілмегеніне ондаған жылдардан асты. Осы үшін аңшылық шаруашылық қызметкерлерімен тізе қосып қоңыр аюдың табаны тиген аумақ қамтылған жеті мониторингілік бағыт ойластырылды. Бұл біршама жер, нақты айтсақ, 34255 гектар шамасында.

Фототұзақтар да көп көмектесті

Ресми атауы сәл басқаша екен. Көбінесе фототұзақ деп атап жүрген заманауи құрылғыны техникалық тұрғыда автоматты қадағалау камерасы деген жөн. Мұны АҚШ ғалымдары ойлап тапқан. Соның көмегімен Миннесота мен Солтүстік Калифорния жерінде қара аюлардың қанша екенін анықтады.

Жануарлар көп шоғырланған жерде бес фототұзақ орнатылды. Жерден 70 сантиметр биіктікте ағаш қабығына берік етіп бекітіп қояды. Мамандардың айтуынша, содан бері 274 күн бойы қосылып тұрды, нәтижесінде жиырмаға жуық аю байқалған.

Аңдардың тіршілік ету аймағын барынша кеңірек қамту үшін автоматты камералар үш мәрте әр түрлі жерлерге қойылды.

Биіктен бинокльмен қарағанда

Өр Алтайдың өзіне тән артықшылығының бірі – құз-шыңдардың көптігі мен тау бөктерлерінде әралуан табиғат көркемдігі. Ғалымдар мен көмекшілер осы жағын ұтымды пайдаланыпты. Бақылау нүктелері шөптесін өсімдіктер өскен бөктер жағы көрінетіндей етіп, биік шатқалдарға қойылған. Бір айта кетерлігі, бір аюдың екі тау бөктері аралығында алма-кезек қатынауы бек мүмкін, сондықтан нақты сан айту кезінде аздаған өзгеріс болуы ғажап емес. Әсіресе Белая Уба шатқалы, Васильев жырасы және Кучиха өзенінің алқабы жиі мысал етілді.

Бинокльдің заманауи оптикасының арқасында алаңсыз ойнап жүрген аюдың үш қонжығын көруге мүмкіндік алды. Қауіп қыр астында болғандықтан Гребнюха тауы баурайынан аналық аю үшеуден көз алмай тұр. Жер жағдайы ұқсас басқа аумақтарда Санжар Қаңтарбаев ересек сегіз аюды байқап, оларды маймақтың еркегі деп топшылады.

Ғылыми орталық өкілінің тіркеулік жазбасына басқа да жануарлар түсті. Бірде жаяу, бірдеу салт атпен жүремін деп 30 шақырымды қамтыған маман қырағылығын ескек етіп алты-жеті марал, үш бұлан, екі елік, бір қабан, қасқыр мен түлкі, сондай-ақ аздаған құр мен шіл көзге ілікті.

– Осының барлығын бір өзіме істеу көп қиындық тудыратын еді, – деді зоолог. – Жүктеме көп. Соларды уақтылы іске асыру кезінде биолог-аңшы Валерий Дьяков пен бас қорықшы Виктор Исаев қолұшын береді.

Қорытынды қандай?

Экспедицияның нақты қашан тәмамдалатыны белгісіз. Анығы сол, алғашқы қар жауып, ызғар әбден қыспаққа алғанға дейін жануарлар саны мен тіршілігіне үңілу үздіксіз жалғасады. Ал қазіргі қорытындыға сәйкес Риддер аумағындағы қоңыр аюлардың саны Батыс Алтаймен салыстырғанда екі есеге артық. Дегенмен нақты есеп алдағы уақытта шығады.