Риддер маңында қоңыр аюдың тыныс-тіршілігін зерттеп жатыр

464
көрілім

Әлемде жабайы жануарлардың ерекшелігі мен күнделікті қорегі, мінез-құлқы жайлы ақпар тарататын телебағдарламалар аз емес. Бейнебақылаулар орнатып, мүмкіндігі мол құралдарының көмегіне жүгініп жатады. Ал аң-құстың сан түрі желе жортатын Алтай аумағында басқа әдістер де қолданылады. Айтпағымыз, Риддер маңайындағы қалың тоғайды мекен еткен тағылар жайлы. Зерттеушілер аюдың аяқ алысын бақылап, іс-қимылын қойындәптерлеріне үнемі түртіп отырады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жұмыс жүргізіп жатқан зоология институтының териология ғылыми-зерттеу зертханасының өкілдері Риддерге алғаш рет келіп тұрған жоқ. Естеріңізде болса, осыған дейін де аюдың күнделікті іс-қимылын зерттеген сәттері жайлы мақала газет бетіне шыққан-тын.

Қазір де қоңыр аю негізгі нысан етіп алынған. Орманның әр қиырындағы көктемгі экспедиция жайлы зоология институтының кіші ғылыми қызметкері Санжар Қаңтарбаев ойын ортаға салды.

– Батыс Алтай аумағындағы қоңыр аю жайлы материалдар Ақ Үбі (Белая Уба) өзені алқабы мен Кучиха, Секисовка, Петрушина сияқты сағаларды зерттеп барып қолға алынды, – деді ол. – Аңшылық шаруашылық аумағына жақын жердегі Гребенюха тауының бөктерінде қос қонжығын ерткен маймақты ұзақ бақыладық. Дәл осы күні Ақ Үбі өзенінің сол жағалауында екі қонжығымен алаңсыз жүрген аю мен тағы ірі маймақ көзге алайды. Бізді көріп қойған болулары керек, самырсынның арасына сіңіп жоқ болды.

Өңірдің әр түкпіріне барып жүрген зерттеушілер блокноттарына «Кучиха» аңшылық шаруашылығы төңірегінде байқаған іздердің қалай өзгеріп, өлшеміне дейін жазып қойған. Уақыттың өтуіне орай қандай азықпен қоректенгендері, қай аумақта жиі мекендері – барлығы қойындәптерге түртулі.

Қоңыр аюдан бөлек, көктем кезінде маралмен де ұшырасқан. Бекіткен алдын ала болжамдарына сәйкес Риддер аумағында олардың саны оннан асады. Орманда сібір елігі мен бұлан да жоқ емес. Құр, шіл сияқты құстарға бәлендей қауіп төніп тұрған жоқ.

Кейбір таса жерлерге фототұзақтар орнатылған. Сол бойынша түскен мәліметтер кез келген тағылар бойынша нақты деректер шығарып, олардың саны артты ма, жоқ кеміді ме, географиялық жағынан мекен ауыстыр ма, жоқ па сияқты мәліметтер жинауға едәуір сеп.