Риддер тұрғындары кешеден бері ауызсудан қағылды

282
көрілім
Фото:Opennews.kz сайтынан

Қала әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес қар көшкіні болып, Громатуха өзенін алып қалған. Нәтижесінде риддерліктерге су беру тоқтатылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, қаңтар айының 11-і күні таңертең сағат 09:30-да «Компания ЛК ГЭС» ЖШС тарапынан ақпарат түскен. Олар әкімдік өкілдеріне көшкін болып, Громатуха өзенінің шатқалын қар алып қалғанын жеткізді. Осыған байланысты риддерліктерге су беру тоқтатылды. Кейбірі 3-ші шағын ауданда құбырлар мүлде кеуіп қалғанын айтты.
-Кешеден бері краннан су сыздықтап ағады. Таңертеңнен балаларымыз қашықтан оқуға көшті. Ауа райы бір жақтан, табиғи апат бір жақтан қысты. Әкімдіктегілер бүгін сағат 1:00-ге дейін бәрін реттейміз деп сендірді, – деді Александр Легков есімді тұрғын.
Көшкінмен кептелген аумақ сумен өздігінен шайылатын көрінеді. Әкімдік өкілдері бастапқыда ол жаққа жете алмай, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін анықтай алмаған. Шатқалды тазарту жұмыстары түні бойы жүргізіліпті.
-  Қазір ешкімге сенбейміз. Үнемі су қорын ұстауды әдетке айналдырдық. 30 жылдан бері құрғақ уәдені қанағат етіп келеміз. Біздің де адам құсап өмір сүргіміз келеді, – деді Нұрлан Кенжебай есімді зейнеткер.
Бұл ретте әкімдік өкілдеріне қоңырау шалдық. Айтуларынша, мәселені тезірек шешу үшін әлі де көшкін болған аумақта жүр. Дегенмен әу баста қанша үйдің судан қағылғаны жөнінде ақпарат ұсынбады.
-Жағдай бақылауда. Біртіндеп су берілуде. Қазіргі уақытта қала бойынша 1-2 қабаттар ауызсуға қосылып жатыр, – деп қысқа қайырды әкімдіктегілер.

Асыл АЙТБАЕВ