Риддер ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жалғасуда

178
көрілім
Фото bizmedia.kz сайтынан
Қазіргі таңда қазандық агрегаттары, турбогенераторлары мен жылу желілерінің 55 учаскесі қалыпқа келтірілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 
Бұл туралы ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов журналистермен өткен жиында мәлімдеді. 
- Былтыр Риддер ЖЭО-да күрделі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенін білесіздер. Қажетті жұмыстар төтенше жағдайда және қысқа мерзімде орындалды. Оған 16 мердігер ұйымнан 500-ден астам адам, Риддер ЖЭО және Өскемен жылу желілерінің қызметкерлері жұмылдырылды.  Нәтижесінде ЖЭО-ның барлық 6 қазандығы мен басқа да инфрақұрылымы қалпына келтіріліп, іске қосылды. Жылу желілерінің 7 аумағында 2,3 шақырым магистральдық құбырлар жөнделді, - деді жауапты тұлға. 
Басқарма басшысы қабылданған шаралар орталықтың тозуын 17%-ға (57,7%-ға), ал жылу желілерінің ескіруін 3,2%-ға (78,8%-ға дейін) азайтуға мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ Риддер ЖЭО-ның мүлкі коммуналдық меншікке қайтарылды. Қазіргі таңда мекемеде 231 адам жұмыс істейді. Өткен жылыту маусымымен салыстырғанда Риддер қаласының жылумен қамту жүйесінде технологиялық бұзушылықтар саны 84 жағдайдан 5-ке дейін қысқарды.
- Риддерліктерді жылумен қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып, биыл облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен қазандық агрегаттарын, турбогенераторларды және жылу желілерінің 55 учаскесесін жөндеу жұмыстарын жалғастыруда. Қалпына келтірілетін жылу желілерінің жалпы ұзындығы 19,3 шақырымды құрайды. Бұл Риддер ЖЭО-ның тозуын 17,7%-ға (40%-ға дейін), қалалық жылу желілерін 10%-ға (68%-ға дейін) төмендетуге мүмкіндік береді, - деді Нұрлан Сағибекұлы. 
Жиын соңында басқарма өкілі жылу желілерін жаңарту жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, қыс мезгілінде төтенше жағдайлар қаупін барынша азайтады деді. Сондай-ақ ол жөндеудің уақытында және толық көлемде аяқталатынын алға тартты. Айта кету керек, жөндеу жұмыстары мониторингі депутаттар, құқық қорғау органдары мен жұртшылық назарында болады. 
Қымбат МУХАМАДИЕВА