Қазан айының соңында сағат кешкі 17:00 шамасында Риддер қалалық полиция бөлімінің «102» арнасына Поперечное ауылының тұрғынынан көршісінің тыныс алмай сұлқ жатқандығы туралы қоңырау түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы жіберіліп, жағдайдың анық-қанығына көз жеткізген олар ер адамның азаптап өлтірілгендігін анықтады. Берілген мәліметке сәйкес мәйіт асүйден табылып, аталған факті бойынша 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
– Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде екі сағат ішінде өз кінәсін мойындаған 46 жастағы күдікті қолға түсті. Қылмысқа ұрыс-керіс салдарынан барғандығы анықталды, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Тергеу барысында 71 жастағы зейнеткерге не себепті қастандық жасалғандығы әлі де нақтылануда. Қарт адамның өліміне себепші болған қасқөй қазір Риддер қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.