Риддер қаласында бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсететін емхана және 200 орындық стационары бар аурухана салынады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Қазір мекемеде әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның шатыры салынып, терезелері қойылған. Бұдан бөлек, барлық коммуникациялық жұмыстар аяқталды. Жоспарға сәйкес осы жылдың қыркүйек-қазан айларында емхана құрылысы аяқталуға тиіс.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жаңа ауруханаға мамандарды тарту үшін әлеуметтік тұрғыда жағдай жасау, соның ішінде баспанамен қамту мәселесін жолға қою керектігін айтты. Бүгінде қалаға 10 дәрігермен 15 медбике қажет екендігі де сөз етілді.
– Жас мамандарға арналған бағдарламалардың бюджетін қайта қараған жөн. Тұрғын үймен қамту, қолданыстағы ғимараттарды жөндеу, баспананы жалға беру мәселелерін пысықтау қажет. Дәрігерлерге ғана емес, мейірбикелерге де пәтер берілуі тиіс. Заман талабына сай жабдықталып, келушілерге барлық жағдай жасалуы керек, - деді Ермек Көшербав.
Аурухана құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
- Ғимарат кешені салынып болғаннан кейін Риддер қаласы сапалы медициналық қызмет көрсетудің үлгісіне айналуға тиіс, – деді облыс әкімі.
Мамандардың айтуынша, аурухана жоғары сапалы медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.