Жағдай ұшығып кетпес үшін суды жол бойына бұрды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
9 сәуірде Ботанический бұлағындағы су деңгейі көтеріліп, жаңадан тұрғызылған шағын ауданындағы үйлерге дейін жеткен. Еске салсақ, Ботаника шағын ауданындағы үйлер 2021 жылы алапат өрттен зардап шеккендерге арнап тұрғызылған.
Әуелі су төрт ауланы басып, бірақ үйлердің ішіне дейін жетпеген. Кейін қала әкімдігі су ағыны басқа жаққа бұрылғанын хабарлаған.
Оқиға орнына техника, коммуналдық қызметкерлер, әкімдік өкілдері келді. Қазіргі уақытта сол маңда тиісті жұмыстар атқарылып, кезекшілік жалғасуда.
- Нөсер жауын кезінде су көтеріліп арнасынан шығып кетті. Күзде жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілген жерді біреу қазып алған көрінеді. Жауын кезінде сазбен қоршалған жер ағып кетті. Трактордың көмегімен бұл жер қайтадан көмілді, - деп хабарлады Риддер әкімдігі.
Сонымен қатар өзеннің арнасы да экскаватормен тазартылып, арнасынан асып кетпейтіндей жағдай жасалды.
- Төтенше жағдайлар депараментінің қызметкерлері және коммуналдық қызметкерлермен бірге жағдайды бақылап отырмыз. Қазір аулалардан су кетіп, жолдардан да айтарлықтай азайып барады, - деп хабарлады қала әкімдігі.