Риддерде бұрынғы полиция қызметкері адамдарға оқ атып, айыппұлмен құтылды

385
көрілім
Шартты сурет

Жақында әкімшілік соттың отырысы өтіп, онда бұрынғы полицейге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

24 шілдеде Риддерде көлік жарысынан кейін мас ер адам пневматикалық мылтықпен тұрғындарға оқ жаудыртқан еді. Бұл жағдай қаланың Гагарин көшесінде орын алған. Кейін белгілі болғандай, өз үйінің терезесінен оқ атқан ер адам бұрынғы полиция қызметкері болып шықты.

Жақында әкімшілік соттың отырысы өтіп, ер адамға қатысты үкім шықты.

– Қала тұрғыны Әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша жауапкершілікке тартылды. Осы баптың санкциялары бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуды немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Бұл жағдайда оған жаза ретінде айыппұл салынды, - дейді ШҚО ІІД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Татьяна Карпова.

Полиция департаменті Риддер тұрғынын бұл бап бойынша алғаш рет жауапқа тартылғанын атап өтті. Оның пневматикалық қаруы тәркіленіп, 15 900 теңге көлемінде айыппұл белгіленді.