Риддерде есірік судан елірген ер адам танысын ұрып өлтірді

338
көрілім

Масайса жер-көкке сыймай, қасында кім болса соған әкіреңдеп, кеуде салыстыра жөнелетін кем дегенде бір танысыңыз бар шығар. Осындай дойырлардың бірі – Риддер қаласында тұрады екен. Бірде оның бөтелкелесін аяусыз сабағаны сонша, жанын жаһаннамға аттандырып жіберіпті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Никита Рыблов (аты-жөндері толықтай өзгертілген) ащы судан ұрттағанды жақсы көреді. Тек ішкенді ғана емес, ішіп алып айналасындағыларға ізденгенді де ұнататын сияқты. Себебі әрдайым тентек суға тойып алған еркек басқалармен ерегесіп, тіпті жұдырықтасып та алатын. Оның мас күйде неше рет төбелескенін біз нақты білмейміз. Ал Риддер қалалық сотында Никитаның осындай екі оқиғасы қаралды.

Кешкі уақытта серуендеп жүрген ер адам бұрын аралас-құралас болған танысы Светлана Шмакованы кездестіріп қалады. Екеуінің әңгімелері бірден жараса кеткен. Әйел адам оны үйіне шақырып, өткенді еске алып стақан қағыстыруға ұсыныс жасайды. Бұған Никита қалай келіспесін? Бірақ Светлананың үйіне барса, іште күйеуі бар екен. Бұны ол жақтыртпай қалды. Үй иесі Максим ішімдік ішуді олар келгенше бастап кетіпті. Никита мен Светлана көп күттірмей қосылған.

Араға біраз уақыт салып масайыңқыраған Никита Рыблов бөтелкелесіне сынай қарап былай дейді:

– Сен күні кешке дейін арақ ішіп бостан-бос жатқаныңды қойсаңшы. Еркек басыңмен ұялмайсың ба? Әйелің жұмыс істеп ақша тауып жүр. Ал сен қашанғы арамтамақ болмақсың?!

Максим болса оған түйеден түскендей:

– Өзіңнің де жаратып жүргенің шамалы сияқты ғой. Менің әйелімнің ақшасына арақ ішіп отырғаныңа қарағанда, – деп жауап қайырған.

Ашуға булыққан Никита былапыт сөздерді желдей естіреді. Үй иесі де үнсіз қалмады. Сол кезде ашуға булыққан еркек Максимнің бет тұсына соққы жасайды. Бұл аздай, жерге құлап түскен ер адамды тепкінің астына алады.

Ал екінші оқиға осыдан бірнеше апта өткеннен кейін болған. Танысы Василий Григорьевпен отырыс ұйымдастырған риддерлік әдеттегідей арақтан бас тартпайды. Біраздан соң қызып алған Никита бөтелкелесіне бұрын өзінің ұялы телефонын ұрлап кеткендігін айтып, ізденген. Ақталуға мұрша да бермеген ол бірден жұдырық ала жүгіреді. Ұрып құлатып, көк ала қойдай тепкілеген. Ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленуші аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіледі. Дәрігерлер қанша тырысқанымен оны аман алып қала алмады.

Риддер қалалық сотының үкімімен айыпталушы 9 жыл мерзімге түрмеге қамалды. Қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтейтін Никита Рыблов 50 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ