Нашақор адамда намыс болушы ма еді? «Доза» деп долданған дойыр қылмысқа барудан да тайынбайды. Риддер қаласында болған оқиға бұл сөзімізге бірден бір дәлел. Апиын қабылдамаса тұра алмайтын ер адамды заңсыз әрекетке барудан ұят та, адамгершілік те ұстай алмады. Бұл оқиғаның жай-жапсары қалалық соттың іс-материалдарында баяндалған.
Александр Мягковтың (аты-жөндері толықтай өзгертілген) есірткіге тәуелді болып жүргеніне бірнеше жылдан асты. Ол өзі тағамдық мақсатта өсірілетін көкнардан апиын жасап, қабылдайтын. Бұл көп қаражатты қажет етпейтін, сондықтан Александрге ұсақ-түйек жұмыспен тапқан азын-аулақ ақшасы артығымен жететін еді. Алайда бір күні көк тиын да таба алмаған еркек шынымен қиналды. Өне-бойын есірткіге деген құштарлық өртеп, ақыл-ойдан адасты. Сол кезде Александр Мягков ұрлық жасауға бел байлаған.
Жоспар бойынша жер үйлердің аулаларында қараусыз жатқан темір-терсектерді ұрлап, металл бұйымдарды қабылдайтын мекемеге өткізбек болады. Көп ұзамай сыбайлас та табылған. Дәл өзі сияқты нашақор еркек.
Екі риддерліктің құрбаны зейнеткер Светлана Борисова болды. Жөндеу жұмыстарынан кейін оның ауласында бірнеше темір шілтер жатқан. Егде жастағы азаматша үй ішінде қаннен-қаперсіз отырғанда, жедел әрекет еткен ер адамдар оның мүлкін ұрлап кетеді. Сырттан естілген абыр-дабырға құлақ түрген Светлана атып шығып еді, тас лақтырым жерде екі бейтаныс еркек темір шілтерлерді алып, қашып барады. Кәрілік тұсау болған мосқал әйел оларды қайдан қуып жетсін. Қуып жеткеннен де не пайда? Тек айқайлап, көмек шақырудан басқа амалы қалмаған. Ал ойларында есірткіден басқа ештеңе жоқ Александр мен оның серігі бірден олжаларын өткізіп, ақша алады. Бірақ бұл табыстары бір дозаға ғана жеткен.
Көп ұзамай қайтадан апиын қабылдағысы келген Александр Мягков екінші рет қылмыс жасамақ болды. Бұл жолы ол темір емес, одан бағалы затты ұрлағысы келді. Есірткіден есі кеткен ер адам өз анасының үйін тонауға бел шешкен. Шешесі басқа бөлмеге кеткенде тігін машинасын қолтығына қыстырған еркек бірден есікке қарай беттейді. Бауыр еті баласының бассыздығына төзбеген анасы полиция қызметкерлерін шақырып, арыз жазған.
Риддер қалалық сотында әйел адам ұлын кешіргендіктен, іс тоқтатылды. Десе де Светлана Борисованың темір шілтерлері үшін жауап беруге тура келді. Сот үкімі бойынша айыпталушы 3 жылға бас бостандығынан шектеліп, 300 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Ал осыған дейін сотты болған Александрдың сыбайласы оңай құтылмады. Үш жыл мерзімге түрмеге қамалған ол өз жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ